Ассамблеялық депутаттар: «Қазақ тілін дамытуды қолдан жылдамдатудың қажеті жоқ»

0

Мәжілісте ассамблея атынан сайланған депутаттардың Аймағамбетовке жолдаған сауалын журналист Ерқанат Көпжасар сынға алды.

«Бүгін мәжілісте ассамблеялық депутаттар Аймағамбетовке сауал жолдапты. Сұрақ тікелей мемлекеттік тілдің аясы мен оны дамытуға бағытталған.

Депутаттардың пайымдауынша мектеп оқушылары қазақша еркін сөйлеуі үшін мем тілді сабақ кезінде жиі қолданып, оқушылардың ауыз екі сөйлеуіне басымдық беріп, соған қол жеткізуге мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдерді әзірлеу керек екен. Құрметті депутаттар, ұсыныстарыңыз неге соңына дейін жеткізілмеген? Сіздер қазақшаны мектепте дамытудың қандай тәсілдерін айтып отырсыздар?

Сондай ақ сауал жолдаушылар қазақ тілі оқулығындағы айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым тапсырмаларының тақырыптарға сай келуін бір жолға қоюды, қазақ тілін еркін меңгеріп, күнделікті өмірге толыққанды енгізу үшін әр мектепте тілдік орта құруды ұсынған екен.

Сайланушы мырзалар, сіздер шынымен де «тілдік орта» мектептердегі қазақ тілінің проблемасын шешеді деп есептейсіздер ме?

Сауал соңында мәжілісмендер «түптің түбінде қазақ тілінің қазақстандықтардың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Қазірше оны қолдан жылдамдатудың, осы мәселені оңайлатудың қажеті жоқ» деген пікір білдіріпті.

Сонда қалай, қазақ тілін дамытуды «қолдан жылдамдатудың әрі бұл мәселені оңайлатудың қажеті жоқ» дегенді қалай түсінуіміз керек?! Отыз жыл бойы онсыз да «жылдамдатпай, қолдан жасамай» келе жатқан жоқпыз ба? Бұдан әрі дәл осылай жалғаса берсе ана тіліміздің ақыры не болатынын елестетудің өзі қиын. Мандатын алып анттың өзін алжасып әрең айтқан депутаттар мен тәуелсіздіктің құрдасы бола тұра мемлекеттік тілде бір ауыз сөз айта алмаған министрдің өзі қазақ тілін дамытуды барынша жылдамдату мен оңайлату керектігін білдірмей ме?!

Ал сіздердің ұсыныстарыңыз баяғының жыры» деді Ерқанат Көпжасар.