Асқар Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

0

Ақ Жайық өңірінде озық технологияны енгізу бойынша жетістіктер аз емес. Мәселен, Орал қаласындағы жоғары аграрлық-технологиялық колледжінде білім саласына BIM технологияны енгізу қолға алынған. Астанадағы ЭКСПО көрмесінен басталған бұл жоба Оралда жалғасын тауып, елімізде тұңғыш рет колледжде «BIM SPACE» виртуальды көрініс кабинеті» ашылды. Осы арқылы шәкірттер озық инновация­ны оқу үдерісінде көріп, пайдаланып, жетілдіре алады. «Колледж бітіру­шілері бәсекеге қабілетті, жоғары деңгейлі маман болып шығады», дейді оқу орнының басшылары. ВІМ технологиясы – жобалау-салу-пайдаланудың заманауи тәсілі. Облыс әкімі Алтай Көлгінов биыл көктемде Хельсинки қаласына барғанда Финляндия Биснес-Хаб және «Collaprime Oy» компаниясымен арада үшжақты келісімшарт жасасқан еді. Соның нәтижесінде өңірде финдік ІТ технология батыл енгізіле бастады. Колледж директоры Серік Мұхамбетәлиевтің айтуынша, студенттерді 3D жобасымен оқытатын құрылғыларды сатып алуға және колледж оқытушыларын оқытуға 133 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Премьер-Министрдің орынбасары бұдан кейін аудандардан іріктеліп алынған 102 оқушы білім алып жатқан ІТ лицейдің де жұмысымен танысты. Заманауи жатақханамен қамтылған, робот техника, 3D модельдеу, бағдарлама жасау, ІТ-парк кабинеттері бар лицей түлектері интеллектуалы жоғары, ашық та озық ойлы мамандар болып шығады.

Бүгінгі таңда өңірде «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес «Қолжетімді әкімдік», «Smart Uralsk» орталығы, «Мамандандырылған ХҚКО», «Көші-қон ХҚКО» ашылып, қалыпты жұмыс істеуде. Сондай-ақ жер қатынастары саласында жер ресурстарының бірыңғай порталы ашылып, «Жер учаскесін таңдау актісін бекіту» қызметі автоматтандырылды. Бұрын азаматтар таңдау актісін алу үшін 3 ай күту керек болса, қазір бұл қызмет 5-12 күн аралығында көрсетілетін болды. Келер жылы 60, ал 2020 жылы 33 елді мекен сапалы интернет қызметімен қамтылатын болады, – дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Орал қаласындағы медициналық мекемелердің де қағазсыз қарым-қатынасқа көше бастағанына біраз уақыт өтті. Нәтижелері өте жақсы. Премьер-Министрдің орынбасары мұның мысалын №3 емхана жұмысымен таныса жүріп көрді. Мәселен, қазірдің өзінде емхана көрсететін 121 есептік қызметтің 108-і қағазсыз атқарылады.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірде қолданысқа енгізілгелі жатқан екі қанатқақты жобамен танысты. Оның бірі «112» – бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі. Бұл қызмет облыстық ІІД Жедел басқару орталығы базасында құрылған. Ал екінші «109» қызметі – «Smart Uralsk» жобасына кіретін, Орал қалалық коммуналдық және апаттық қызметтердің Call-орталығы. 

Сапардың екінші күні «Қара­шы­ғанақ Петролиум Оперейтинг» компа­ниясының Орал қаласындағы кеңсе­сінде «Батыс Қазақстан облы­сының цифрлы түрленуі» атты халықаралық форуммен жалғасты. Жиында әсіресе мұнай-газ саласына озық технологияны енгізу мәселесі талқыланды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»