Асқар Жұмаділдаев: Кеше арақ ішкен адамдар бүгін молда болып жүр. Бұл — екіжүзділік

0

Белгілі академик Асқар Жұмаділдаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында дінге неге терең бойлағысы келмейтінін түсіндірді.

— «Дін жағына көп барғым келмейді. Өйткені оны саясатқа айналдырып жіберді. Орамал таға ма, тақпай ма, балағын ұзарта ма, ұзартпай ма, онда тұрған не бар? Компьютерді ойлап тапқан — еврейлер, машинаны ойлап тапқан — ағылшындар, тағы басқа техника түрлерін ойлап тапқан — немістер, неге солардың арасынан бір жаңалық ойлап табатын мұсылман шықпайды? Таласса, осы сұрақтармен талассын!» дедіңіз. Дінге бас ұрып түрмеге қамалған ғалым Саят Ыбырай осыны білмеді ме не?

— Жоқ, мен оны былай деп айтамын. Дінге бере берсін. Дінге тым терең барғым келмейді. Жұрттың бәрі діндар қазір.

— Саят Ыбырай да ол туралы білуі керек еді ғой?

— Жоқ, ол білді ғой. Біліп тұр ғой. Бірақ Саяттікі ол бөлек. Саят ол ғалым адам. Ол дінге ғылыми тұрғыдан барып отыр. Тыңдап қарасаңыз, оның әңгімесінің барлығы дұрыс. Бірақ бұл сол дінді қабылдайды деген сөз емес. Мен оны ғалым ретінде қатты құрметтеймін. Табанының бүдірі бар, сөзінде тұратын адам ретінде құрметтеймін. Ал бізде халтурщик деп отыруымның себебі не? Кеше арақ ішкен, кеше коммунист болған адамдар бүгін молда болып жүр.

— Адамның түзелуіне болады ғой енді?

— Жоқ, кешіріңіз, кешіріңіз. Бұл екі жүзділік. Өйткені қарасаңыз, біреу ана дінге сеніп, біреу мына дінге кете салады. Ыңғайына қарайды. Ол — екіжүзділік. Ол — халтурщик, олай болмайды. Сондықтан ең дұрысы — тыныш қана өз жұмысыңды істеп жүре бер деген сөз.