Асқар Мамин спутниктік желі жобасымен танысты

0

Премьер-Министр Асқар Мамин және «One Web» директорлар кеңесінің төрағасы Сунил Миттал британдық компания өрістетіп жатқан жаһандық спутниктік желі шеңберінде Байқоңыр ғарыш айлағынан спутниктерді ұшыру мәселелерін талқылады.

 

Бұл туралы Orda.kz премьер-министр баспасөз хатшылығына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қазір ғарышқа 110 спутник ұшырылды. 2021-2022 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан 8-ден астам ұшыру жоспарлануда.

— «One Web» жаһандық спутниктік желісі 1200 шқ биіктіктегі 18 орбиталық жазықтықтағы 648 спутниктен тұрады, спутниктік желіні толық пайдалануға беру және Қазақстан аумағына қызмет көрсету 2021 жылдың соңында күтіледі, – делінген хабарламада.

 

Сондай-ақ, Қазақстан аумағын, оның ішінде шалғай және қатынауы қиын аудандарды байланыс спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты кең жолақты интернетпен жаппай қамту жөніндегі жобалар қаралды.

— Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғарыш орталығы жанындағы Ғарыш аппараттарын құрастыру – сынау кешені базасында «One Web» спутниктері үшін жиынтықтауыштарды құрастыру бойынша жобаны іске асыру барысы, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне кейіннен «One Web» спутниктік интернетін эксклюзивті дистрибуциялау үшін Қазақстан аумағында шлюз станциясын орналастыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру мәселесі қаралды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

«One Web» компаниясы Интернет желісіне қолжетімділік және деректерді жоғары жылдамдықпен беру қызметтерін ұсыну үшін жаһандық төмен орбиталық спутниктік желіні құрады.