Асқар Мамин Қырғызстанға барады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің премьер-министрлерін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қабылдайды деп жоспарлануда

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Қазақстанның үкімет басшысы Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысады. Шара 9 тамыз күні Шолпан-Ата қаласында өтеді.

Кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясында интеграция процестерін одан әрі дамыту мәселелері талқыланбақ.

«Ең алдымен, ішкі нарықтың жұмыс істеуі, өнеркәсіптік кооперация, технологиялар трансфері, ауыл шаруашылығы, кедендік әкімшілендіру, көлік және логистика, трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл салаларын дамыту жайы қаралады», — делінген үкімет басшысының ресми сайтындағы хабарламада.

Тағы оқыңыз: Атамбаевты ұстау операциясы: Тоқаев пікір білдірді

Сондай-ақ, кеңес отырысы аясында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ЕАЭО-ға мүше елдердің премьер-министрлерімен кездеседі деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін, Арменияның үкімет басшысы Никол Пашинянның да кеңес отырысына қатысатыны және Қырғызстандағы тәртіпсіздіктерге қарамастан, өз жоспарын өзгертпейтіні хабарланған еді.

Еске сала кетсек, 7 тамыз күні кешке Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Экс-президенттің резиденциясы орналасқан ауыл Бішкек қаласынан 20 шақырым қашықтықта. Атамбаевты ұстау операциясын елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы жүргізген. Олар бұрынғы президенттің үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, резеңке оқпен ата бастаған.

Күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде Атамбаевтың жақтастары үйге кіріп, арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алған. Жергілікті тұрғындар мен Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақ сарбаздарына тас лақтырып, жағдай ушыға түсті. Артынша атыс басталды.

Осылайша Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы сәтсіз аяқталды.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков демалыста болған. Алайда елде дүрбелең басталғаннан кейін, демалысын тоқтатып, Бішкекке оралды.

Соңғы мәліметке сәйкес, 52 адам зардап шекті. Арнайы жасақтың бір қызметкері қаза болды.



sputniknews.kz