Асқар Мамин премьер-министр қызметін уақытша атқарады

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаетың жарлығымен Асқар Мамин жаңа үкімет жасақталғанша уақытша премьер-министр қызметін атқарады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Президент үкіметтің отставкасын Конституцияның 70-бабына сүйене отырып қабылдаған.

Мамин Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың бірінші орынбасары болған және 2016-2018 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, үкімет жұмысын сынаған. Ол «әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын» айтқан. Назарбаев Сағынтаев басқарған үкімет бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбады деп айыптаған. Қазақстан президенті халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін де мәлімдеген.

Соңғы екі аптада Қазақстанда көп балалы аналардың наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Аналар наразылығы 4 ақпанда бір отбасының бес баласы опат болған Астанадағы өрттен кейін басталған.

Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері Бақытжан Сағынтаев басқарып келген. Қазақстан Конституциясына сай, үкіметті президент жасақтайды.

Азаттық