Асқар Алтай: Геральдика мәселесіне қайта оралудың орайы келген секілді
«Геральдика мәселесіне қайта оралудың орайы келген секілді»
Елтаңбаны танымай жатқан, түсінбей жатқандарды естіп жатырмын. Ақпараттық сайттарда, әлеуметтік желіде қызу талқылануда. «Жаңа адамдар» атты қозғалыс Астана мен Алматы қаласындағы тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, сауланамаға қатысқан 500 респонденттің 70 пайызы Елтаңбамызда бейнеленген жекелеген элементтердің мәні мен мағынасын түсінбейтінін көрсетіпті.
Жалпы азаматтардың пікірімен келісемін. Негізі алыстан да, жақыннан да Елтаңбамыз анық танылмайды. Ондағы белгілер, атрибуттар тым көп секілді. Бытықы-шытықы, шым-шытырық бірдеңе болып көрінеді. Оны кез келген адамның қабылдауы қиынға соғады. Тым көп символика бар. Меніңше, Украинаның Елтаңбасы сияқты анық болғаны абзал.
Мемлекет деген — тек қана билік идеологиясы емес, халықтың идеялық біртұтастығы. Сондықтан біз алдымен өзімізді өзіміз танып, өзімізге өзіміз баға беруіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, дәл қазіргі қоғамның талпынысы жақсы. Төл тарихымызды толықтай түсіне отырып, тарихи сананың жаңғыруына барша қазақстандықтың атсалысқаны жөн. Мемлекеттік Елтаңба, жалпы барлық рәміздерді құрметтеп, оның мазмұнына үңіліп, тани түсуіміз керек.
Сондықтан, қоғамда айтылып жатқан пікірлерді ескеріп, бұл мәселені талқылаудан өткізген жөн деп санаймын. Геральдика мәселесіне қайта оралып, елтаңбамызды елдік мазмұнға жақындата түскеніміз абзал ма деген ойдамын. Біздің Елтаңбамыздың бойында тұтас тарихымыз көрініс тауып және ондағы әр детальдан келешекке көзқарасымыз байқалып тұрса деймін. Бұл тұрғыда Елтаңбаның символдық мән-маңызы жоғары болғаны жөн. Рәмізтанушы мамандарымыз бар, түрлі сала білгірлері бар, барлығы жиналып талқыға салсын.
Кім не дейді? Ұсыныс, пікірлер айтылсын, талқылансын.
Асқар Алтай
жазушы, «Алаш» халықаралықсыйлығының иегері