Аспаннан түскен вакцина

0
75

Тұрғындарға таныстыру – Вануатудағы вакцина жеткізу бағдарламасының бір бөлігі. Эпи аралындағы таныстырылым сәті. 

Бұл – осындай тәсіл арқылы Ва­нуа­туға жеткізілген алғашқы вакцина флаконы еді. Аталған ел балаларға екпе салу бағдарламасы дронмен тікелей байланыс­ты тұңғыш мемлекет.

Вануату жанартау атқылауынан пайда болған 83 аралдан құралған. Көп­теген ауылдарға «банан қайықтар» арқылы қатынас жасалады. Кейде моторлы бір адамдық қайықтарды үш метрлік толқындар аударып, жартасқа соғады. Басқа ауылдар таудың келесі бетінде болғандықтан, жаңбырлы кезде батпақтан өтіп бару қиынға соғады. Көп­теген екпелер салқындатқышты қажет етеді, ал ауылдардың басым бөлігінде электр жарығы жоқ.

БҰҰ деректеріне сай, осындай себеп салдарынан Вануатудағы 5 жасқа де­йінгі 35 000 баланың 20 пайызына екпе салынбаған.

ЮНИСЕФ-тің Аустралия үкіметінің және ЖҚТБ, сондай-ақ туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қордың көмегі арқылы Вануату 2018 жылғы 17 желтоқсаннан бастап дрондық бағ­дарламаны іске қосты.

Дрондар дамыған сайын, олардың әлемдік денсаулықты сақтау саласына қосатын үлесі арта түспек. Кали­фор­ниялық компания Zipline дрондары Руан­даға 8000-нан аса қатынап, қан ауыс­тыруға керекті өнім­дерді жет­кізді.

Былтырдан бері ЮНИСЕФ гу­мани­тарлық көмектер жеткізу мақсатында Малавиге «дрондық сынақ дәлізі» бағ­дарламасын жүзеге асырып келеді.

Алайда бұл жолғы тәсіл балалар вакцинасын тұрақты түрде апаруға арналған алғашқы коммерциялық келісімшарт. ЮНИСЕФ-тің айтуынша, аустралиялық стартап Swoop Aero жүктің аман-есен жеткізілуіне жауапты.

Кук айлағында екпе егумен айналы­сатын 55 жастағы мейірбике Мириам Нампил ханым Порт Нарвинде тұра­ды. Оның қызмет ететін клиникасы күн сәулесінен электр өндіретін мұздат­қыш­пен жабдықталған.

«Бұл дрон менің өмірімді өзгертті. Әдет­те мен күн сайын екі сағаттай таудан өтіп, екпе тасуым қажет еді. Оның үс­ті­не вакцина салынған қораптар өте ауыр», дейді ол.

Қанатының ұзындығы 2,5 метр болатын ақ Swoop дроны робот альбат­росты еске түсіреді. Бірақ оған құстың байсалды, бірқалыпты ұшуы же­тіс­пейді.

Оның орнына дрон аспанға тік кө­теріліп, сағатына 95 шақырым жылдам­дықпен ұшқанда ұясында ызың салған бөгелек секілді дауыс шығарып, айналасын шуылдатып жібереді.

Swoop-тың негізін қалаушылардың бірі Эрик Пектің айтуынша, дрондар келешекте 130 шақырым жылдамдықты бағындырады. Iridium жерсерігінің желісін пайдаланатындықтан, оны әлем­нің кез келген нүктесінен басқаруға мүм­кіндік бар.

Оның сөзіне сүйенсек, уақыт өте келе Swoop жергілікті пилоттарды үйретіп, үкіметке өздерінің дрондарын шығаруға көмектеспек. Ондай құрылғылар 3D принтерде басылып шығатын қанаттар мен қозғалтқыштар арқылы жұмыс істейді.

Вануатуға дрон дәуірін таныс­ты­ру үшін мейірбикелер жергілікті тұр­ғын­дармен кездессе, ұлттық авиация өкілдері оларды ұшу сынақтарын тама­ша­лауға шақырды.

«Біз адамдардың аспаннан ызылдап түсіп келе жатқан заттан қорықпауына сенімді болуымыз керек. Өйткені кейбір балалар мүйізатармен дронды атып тү­сір­меуіне көз жеткізуіміз қажет», дейді ЮНИСЕФ-тің Тынық мұхиты арал­дар­ындағы өкілі Шелдон Йетт.

Дональд Дж.МАКНЕЙЛ,  «Нью-Йорк Таймс»

Фото: Джейсон ЧУТ, Unicef Pacific

Дереккөз: http://egemen.kz/