Аспаннан түскен вакцина
Тұрғындарға таныстыру – Вануатудағы вакцина жеткізу бағдарламасының бір бөлігі. Эпи аралындағы таныстырылым сәті.
Бұл – осындай тәсіл арқылы Вануатуға жеткізілген алғашқы вакцина флаконы еді. Аталған ел балаларға екпе салу бағдарламасы дронмен тікелей байланысты тұңғыш мемлекет.
Вануату жанартау атқылауынан пайда болған 83 аралдан құралған. Көптеген ауылдарға «банан қайықтар» арқылы қатынас жасалады. Кейде моторлы бір адамдық қайықтарды үш метрлік толқындар аударып, жартасқа соғады. Басқа ауылдар таудың келесі бетінде болғандықтан, жаңбырлы кезде батпақтан өтіп бару қиынға соғады. Көптеген екпелер салқындатқышты қажет етеді, ал ауылдардың басым бөлігінде электр жарығы жоқ.
БҰҰ деректеріне сай, осындай себеп салдарынан Вануатудағы 5 жасқа дейінгі 35 000 баланың 20 пайызына екпе салынбаған.
ЮНИСЕФ-тің Аустралия үкіметінің және ЖҚТБ, сондай-ақ туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қордың көмегі арқылы Вануату 2018 жылғы 17 желтоқсаннан бастап дрондық бағдарламаны іске қосты.
Дрондар дамыған сайын, олардың әлемдік денсаулықты сақтау саласына қосатын үлесі арта түспек. Калифорниялық компания Zipline дрондары Руандаға 8000-нан аса қатынап, қан ауыстыруға керекті өнімдерді жеткізді.
Былтырдан бері ЮНИСЕФ гуманитарлық көмектер жеткізу мақсатында Малавиге «дрондық сынақ дәлізі» бағдарламасын жүзеге асырып келеді.
Алайда бұл жолғы тәсіл балалар вакцинасын тұрақты түрде апаруға арналған алғашқы коммерциялық келісімшарт. ЮНИСЕФ-тің айтуынша, аустралиялық стартап Swoop Aero жүктің аман-есен жеткізілуіне жауапты.
Кук айлағында екпе егумен айналысатын 55 жастағы мейірбике Мириам Нампил ханым Порт Нарвинде тұрады. Оның қызмет ететін клиникасы күн сәулесінен электр өндіретін мұздатқышпен жабдықталған.
«Бұл дрон менің өмірімді өзгертті. Әдетте мен күн сайын екі сағаттай таудан өтіп, екпе тасуым қажет еді. Оның үстіне вакцина салынған қораптар өте ауыр», дейді ол.
Қанатының ұзындығы 2,5 метр болатын ақ Swoop дроны робот альбатросты еске түсіреді. Бірақ оған құстың байсалды, бірқалыпты ұшуы жетіспейді.
Оның орнына дрон аспанға тік көтеріліп, сағатына 95 шақырым жылдамдықпен ұшқанда ұясында ызың салған бөгелек секілді дауыс шығарып, айналасын шуылдатып жібереді.
Swoop-тың негізін қалаушылардың бірі Эрик Пектің айтуынша, дрондар келешекте 130 шақырым жылдамдықты бағындырады. Iridium жерсерігінің желісін пайдаланатындықтан, оны әлемнің кез келген нүктесінен басқаруға мүмкіндік бар.
Оның сөзіне сүйенсек, уақыт өте келе Swoop жергілікті пилоттарды үйретіп, үкіметке өздерінің дрондарын шығаруға көмектеспек. Ондай құрылғылар 3D принтерде басылып шығатын қанаттар мен қозғалтқыштар арқылы жұмыс істейді.
Вануатуға дрон дәуірін таныстыру үшін мейірбикелер жергілікті тұрғындармен кездессе, ұлттық авиация өкілдері оларды ұшу сынақтарын тамашалауға шақырды.
«Біз адамдардың аспаннан ызылдап түсіп келе жатқан заттан қорықпауына сенімді болуымыз керек. Өйткені кейбір балалар мүйізатармен дронды атып түсірмеуіне көз жеткізуіміз қажет», дейді ЮНИСЕФ-тің Тынық мұхиты аралдарындағы өкілі Шелдон Йетт.
Дональд Дж.МАКНЕЙЛ, «Нью-Йорк Таймс»
Фото: Джейсон ЧУТ, Unicef Pacific
Дереккөз: http://egemen.kz/