«Әскерилердің қатысы бар»: Жетісу облысында серуенге шыққан әйелге қаңғыған оқ тиіп, өкпесінің жартысын жұлып әкеткен
Өзен жағалауына серуендеуге шыққан Әсем Қарсыбаеваға абайсызда оқ тиіп, жансақтау бөліміне түсті. Келіншектің иығына тиген оқ өкпесін тесіп өтіп, омыртқасында қалып қойған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсемнің күйеуінің айтуынша, оқыс жағдайға сол маңда оқу жаттығуларын өткізген әскерилердің қатысы бар. Олар ешқандай белгі қойылмаған жердің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі екенін кейін білген. Зардап шеккен әйелдің аяққа тұрып кетуі үшін ұзақ уақыт пен қомақты қаражат керек. Айтуынша, бастапқыда ем-дом шараларын көтеріміз деп уәде берген шенеуніктер енді сөздерінен тайқып шыға келген.
“Бой сергіту үшін қала іргесіндегі өзен жағалауына бардық. Сәл аялдамақ болып тоқтаған сәтте оқтың дыбысы жан-жағымнан естіле бастады. Кері бұрылып қарасам, жұбайым ес-түссіз жатыр”, – дейді Әсемнің күйеуі Жарас Иманасов.
Әсемнің бар тілері құлан-таза айығып, аяққа тұрып кету.
“22 мамырдан бастап әскерилер бізді Талдықорған областық ауруханаға тықты. Ол жақта әбден қорлық көрдім. 20 күн бізді босқа ұстады. Сонда артымдағы тесікті жамау керек деді. Екінші операциям пластикалық болды. Тесікті өз арқамнан ет алып жапты. Сол кезде де мені аяқтан тік тұрғызыңдар болды, басқа ештеңе керегі жоқ деп айтқанмын”, – дейді әйел.
Болған жағдайдан кейін Жарас Иманасов оқ атылған жерді жауапты қызметкерлермен барып көрген. Шамамен оқ 2 шақырымнан аса қашықтан тиді деген болжам жасады.
“Нысынаға қарама-қарсы аймаққа не себепті қару атқанын әлі де түсінбеймін. Оқ иығынан өтіп 7-4 қабырғаны сындырған. Өкпесінің жартысын жұлып әкеткен. Омыртқаға оқ тиген. Омыртқаның жанындағы жүйке жасушаларының бәрін жұлып өткен. Видеофиксациямен барып автомат калашниковтың 4 оғын тауып, өздеріне көрсеттім. Мина іздеушілер келді де, сол жерден бір пакет автомат оқтарын жинап алды”, – дейді ер адам.
Жауаптылардың сөзіне сеніп шағым жазбаған отбасы енді ем-дом орта жолдан тоқтай ма деп алаңдайды.