Әскери қоймадағы жарылыс жұртты дүрліктірді

0

Дүйсенбі, маусымның 24-і күні таңертең Түркістан облысындағы Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімінің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Қазіргі кезге келіп түскен ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр» деп хабарлады министрлік.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті өкілі Нұрсұлтан Нұрахметтің айтуынша, әскери қоймада өрт шығып, жарылыс болғаны суыт хабар таңертеңгі сағат 9.20 кезінде түскен. Нұрахмет қоймадағы жарылыстан соң әскери бөлімше аумағы өртеніп жатқанын, ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын хабарлады.

Арыстағы төтенше оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарады. Жергілікті тұрғындар жарылыс болған сәті түсірілген видеоларды жариялады. Онда қуатты жарылыстан кейін әуеге қою түтін көтерілгенін байқауға болады.

Әлеуметтік желіде жарияланған кей видеоларда тұтқиылдан болған жарылыстан үрейленген адамдардың көлікпен, кейбір жаяу-жалпы қашып бара жатқан сәті бейнеленген.

Желі қолданушылары «бірнеше [әскери] снаряд жарылды» деп хабарлап жатыр.

Өзін Арыс тұрғынымын деп таныстырған Нұрдәулет Жолболды Facebook-парақшасына «осымен 10-рет жарылған аппақ дүмпу көрінді» деп жазды. Ол Азаттық тілшісіне Арыстағы «туыстарының өз бетімен қауіпсіз жерге көшіп жатқанын» айтты.

Арыстағы әскери полигон аумағында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.



Azattyq