Әскери міндеттілерге жиын кезінде қанша теңге төлейді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы жиын кезінде әскери міндеттілер қандай жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

әскер

Оның айтуынша, мемлекет есебінен шақырылған адамдарға орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін адамдарға – ең төменгі еңбекақы мөлшері төленеді.

«Мысалы, егер шақырылғанға дейін әскери міндетті азаматтың жалақысы 200 мың теңгені құраса, онда әрбір ай үшін ол жиын кезінде 200 мың теңгеден алады. Егер адам жұмыс істемесе, ең төменгі жалақы мөлшері төленеді — 42 500 теңге», — деді Ермекбаев.

Бұл ретте, қорғаныс министрі әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын қызметі сақталатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, жиын кезінде әскери міндеттілер әскери қызметшілер мәртебесін алады.

«Заңға сәйкес оларға әлеуметтік сипаттағы барлық жеңілдіктер, оның ішінде тамақтану, киім-кешек, медициналық қамтамасыз ету таратылады», — деп түсіндірді министр.

Әскери жиынға  ең алдымен еріктілер шақыртылады.

Ал егер әскери міндетті азамат жиынға барудан бас тартса жауапкершілікке тартылады.

«Заңнамаға сәйкес шақыру пунктіне күн тәртібі бойынша келмеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады және әскери міндеттен босатпайды», — деді министр брифингте.

Бұған дейін Нұрлан Ермекбаев әскери жиын үш айға созылатынын айтты.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.

 

stan.kz