Әскерде өзіне қол салған сарбаздың ауызынан бірнеше ер адамның шәуеті табылды

0

Жамбылда өз белдігіне асылып өлген Бекбол Мираштың өліміне қатысты адвокат Сержан Пралиев жаңа деректермен бөлісті.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бекбол Мираштың өлімін Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының Тараз бөлімі тергеп жатыр. Бастапқыда жігіттің өліміне кездесіп жүрген қызымен арадағы жанжал себеп болғаны айтылған. Алайда марқұмның қызы мұны жоққа шығарды.

Кейін шекара бөлімінде сержант Айбек Нұртаевтың қатардағы сарбаз Мирашты ұрып, балағаттағанын көрген куәгерлер табылды. Ал 1 қыркүйекте Ішкі істер министрлігі сарбаздың өліміне қатысты күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Қорғаушы Сержан Пралиевтің сөзінше, Бекбол Мираштың өліміне қатысты істе куәгерлердің жауабынан басқа дәлел жоқ. Сараптама нәтижесі болғанына қарамастан тергеушілер бұған көз жұма қарап отыр екен.

– Қорғанушы тараптың өтініші бойынша бірнеше сараптама тағайындалды. Солардың ең негізгісі биологиялық сараптама еді. Нәтижесінде марқұмның ауыз қуысынан, іш киімінен, футболкасында шәует іздері табылды. Әрі қарай ДНҚ-сараптамасы тағайындалды. Дегенмен менің қорғалушымның ДНҚ-сы табылмады. Кейін қан тобы сәйкес келетін өзге сарбаздарға да ДНҚ-сараптамасын жүргізу туралы шағым түсірілді. Жақында сараптама қорытындысы шығып, іш киімі мен футболкасында марқұмдікінен бөлек екі және одан да көп ер адамның ДНҚ-сы бар екені анықталды. Олардың бірі – марқұмның жақын досы әрі бірге қызмет еткен сарбаз, – дейді қорғаушы.

Сержан Пралиев ДНҚ-ның кімдікі екенін анықтау үшін шекара бөліміндегі барлық адамға сараптама жүргізу туралы арыз түсіргенін айтады. Дегенмен сараптама жүргізуде бас тартылған.

Себебі мұнда сексуалды сипат жоқ дейді. Сарбаз ұрып-соғуға шыдамай асылып қалғаны айтылған. Ал іш киімінде шәуеттің табылғанын әскери тергеу басқармасындағылар жоққа шығарып отыр. Бұл нұсқаны қарастырғысы келмейді. Енді істі тезірек тоқтатып, сотқа жібергісі келіп отыр. Өйткені 5 айға қамауға алу мерзімі 24 қаңтарда аяқталады екен. Демек олар үшін адамның тағдыры түкке тұрғысыз деген сөз, – деп қосты қорғаушы.

Марқұмның іш киімінен ДНҚ-сы табылған сарбаз тергеу кезінде моншада мастурбация жасап, қолын сол жерде жатқан футболкаға сүртіп кеткенін айтқан.

– Ал шалбары, кальсоны ше? ДНҚ үлгілері бұл заттардан қалай табылды? Өзге адамдардың ізі ше? Неліктен тергеу істі тезірек жапқысы келіп отыр. Қазір шекара қызметінде сексуалды зорлық болуы мүмкін, жаңа нұсқа бар, бірақ мұны тергеп жатқан, – дейді сержан Пралиев.

Бүгінде сараптама нәтижесі қылмыстық іске қосылмаған. Сондай-ақ қайғылы оқиға болған күні бөлімде болған әскери қызметкерлерден жауап алынбаған. Ал жалғыз күдіктіге «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу», «Лауазымын асыра пайдалану» және «Бопсалау» баптары бойынша іс қозғалған.