Ашық сабағын өткізбес үшін мектепте бомба бар деп хабарлаған мұғалім жазалана ма?

0

Жамбыл облысындағы ауыл мұғалімі мектепке бомба қойылғанын айтып, ашық сабағын өткізбеген. Арнайы қызмет ғимараттан 300-ден астам ұстаз бен оқушыларды эвакуациялауға мәжбүр болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұл оқиға Шу ауданы Төле би ауылындағы мектеп қабырғасында болған. Ашық сабақ өткізуі тиіс болған 25 жастағы мұғалім полицияға хабарласып, мектепте бомба бар деп мәлімдеген.

Эвакуация кезінде ол тіпті оқушылар мен әріптестеріне ғимараттан тездетіп шығуға көмектескен. Енді педагогты қомақты айыппұл төлеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

«Білім ордасын тексеру нәтижесінде жарылғыш зат табылмады. Осы қылмыстық әрекетті жасаған 25 жастағы Шу ауданының тұрғыны ұсталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді Шу аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асхат Бақбергенов.