Ашынған киногерлер шағымы: министр Оралов не дейді
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген киножобаларды іріктеу конкурсына наразылық білдірген киногерлер шағымы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Киногерлер сол іріктеу конкурсы әділетсіз, заң бұзушылықтармен өтті деп есептейді. Наразы болып Алматыда 12 мамырда митингке де шыққан. Алайда «іріктеу тексерілсін, жаңадан тәуелсіз комиссия құрылып, өткен жобалар тексерілсін» деген оларға полиция заңсыз жиын өткізді деп айыппұл салған.
Министр Ораловтың сөзінше, киногерлердің мәселесін шешу үшін тәуелсіз комиссия құрылған.
“Олармен комитет төрағасы, вице-министр кездесті. Құрамына Мәдениет комитетінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, “Атамекен” палатасы өкілдері енген тәуелсіз комиссия жұмысын бастап кетті. Сол жұмыс қорытындысы бойынша ақпарат беретін боламыз”, – деді ведомство басшысы.