«Ашуланып келгенде үндеме»: Қазақ эстрадасының әндері зорлық-зомбылықты қалай насихаттайды?
Қазіргі таңда желіде әйелдер құқығы мәселесі кеңінен көтеріліп жүр. Елімізде гендерлік теңдік үшін шаралар жасалғанымен, әлі күнге дейін кей әндер зорлық-зомбылықты ақтап, алып қашуды насихаттайды. Сондай-ақ сексистік сипаттағы туындылар кездеседі. Kznews.kz тілшісі гендерлік стереотиптерді қалыптастыратын және жәбірленушіге виктимблейминг жасайтын әндердің тізімін дайындады. Заңгер, гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызы осы әндердің қоғамға әсері туралы айтып берді.
“Алып қашудың қылмыс емес екенін көрсетеді”
Алып қашу – қылмыс. Қылмыстық кодекстің 125-бабы “Адам ұрлау” бойынша саналады. Қыз алып қашқандарға 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бірақ қазақ эстрадасында алып қашуды насихаттап, оны махаббатқа балайтын әндер жетерлік. Ұланғасыр Қамидің орындауындағы “Алып қашамын” әнінде қызды қалауынан тыс мәжбүрлеп алып қашып, келін етіп әкелгісі келетіні айтылады. Әннің сөзін кім жазғаны белгісіз.
“Алып қашам, мейлі, олай қалама,
Келін қылам сені қалай да анама», – делінген әнде.
Gasyr және Qanat атты дуэттің “Мақта қыз” әнінде де алып қашуды романтизациялайды. Бұл әннің сөзін Р.Рамазан жазған. Сондай-ақ қыз баланы тек келін рөлінде қарастырады.
“Мен сені алып қашып кетсем ауылға,
… Дайынмын мен де жаным сені алуға Анама әп-әдемі келін болуғаАуылға, жүр ауылға”, – деген жолдары бар.
Dar Omar есімді әнші де “Алып қашамын” деген әнді сомдайды. Бұл әннің сөзін жазған – Ораз Қиынбаев. Онда қалай да көнесің деген қысым бар.
“Көндірем, көнесің,
Қыз болып келесің, –
Келін болып қаласың», – делінген.
Заңгер Айгерім Құсайынқызының айтуынша, мұндай әндердің салдарынан тыңдарман бейсаналы түрде алып қашуды қылмыс емес, дәстүр деп қабылдайды.
“Мұндай мәтіндегі әндердің көптігі сонша – көп тыңдарманға қалыпты болып кеткен. Әлбетте, бұл қылмысты, соның ішінде әйелге қарсы жасалатын гендерлік қылмысты легитимизациялау болып саналады. Салдарынан алып қашуды қылмыс емес, дәстүр дейтін, әйелді адам емес, еркекке қызмет етуші ретінде кемсітушілік сипаттағы пайымдар кең өріс алып, гендерлік теңдікке жету жолымызды қиындата түседі”, – деді фембелсенді.
“Абьюзерлердің гимні”
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жанның өзін кінәлап, “тілінен тапты” немесе “осыған жеткізді”, “еліктірді” деу – виктимблейминг. Көп жағдайда жәбірленушілер қоғам тарапынан осындай айыптауларға ұшырайды. Құсайынқызының сөзінше, Qanay атты әншінің де “Үндеме” әні осы сарынды үндейді. Бұл әннің сөзін кім жазғаны анықталмаған. Мұны бұған дейін желі қолданушылары сынға алып, “абьюзерлердің гимні” деп атады.
“Үндеме, ашуым келген кезде маған
Сөйлеме, тыныш отыр құйрығыңды қысып сен”, – деп басталады ән.Мұндай ән тармақтары абьюзді қарым-қатынасты көрсетіп тұр. Виктимблейминг жасап, өз ашуы мен эмоциясы үшін өзгеге жауапкершілік артады. Әдетте, манипуляторлар өз әрекеті үшін өзгелерді кінәлауға дайын тұрады.
Айгерім Құсайынқызы «Үндеме» әнінің мәтінін тергеу бойынша прокуратураға өтініш тастаған екен. Оның айтуынша, бұл –феминизм мен адам құқықтары үшін күреске қарсы топтың наразылық әуені.
“Прокуратураға тасталған өтініштің нәтижесі қандай болғанынан хабарымыз жоқ. Мұндай әндер Youtube платформасында бола береді, себебі ол – ашық платформа, алайда осындай әндерді қойған телеарналарды жазалауға болады. Прокуратура оларға айыппұл салып, ескерту амалдарын қолдана алады. Қазақ әйелдері “Не молчи” қорын құрып, әйелдерді зорлыққа төзбеуге үндеп жүрген кезде осындай әндердің белең алуы феминизм мен адам құқығының насихатталуына қарсы топтың протесттік үні ме деп те ойлап қаламын”, – деді заңгер.
Заңгер әншіні осы әні үшін сынағандар аз екенін айтады. Сөзінше, эстраданың басым бөлігі оны әлі де бұл әніне қарамастан айыптамай, жай әзіл деп қабылдады.
Еркін Нұржанов орындайтын “Тыңда” әнінде де абьюздік қарым-қатынастың белгісі бар дейді. Бұл әннің сөзін Қайнар Алагөзов жазыпт.
“Жүр дегенде жүр,
Қал дегенде қал. Басым ауырса балмен емдеп ал”, – делінген тармақтарда сүйіктісін бақылауда ұстау, айтқанын істету құлшынысы байқалады. Сондай-ақ әнде “әйелден ерді биік ұстаған” деген сөйлемдер арқылы бір гендерді екінші гендерден төмен көрсетеді.“Ас үйдің жұмысын әйелдің ақысыз еңбегі етіп көрсетеді”
“МузАрт” тобының “Фарида” әнінде де қыз баланың әлеуметтік рөлі тек “келін” деп көрсетіледі және әйел адам теңқұқылы жұбы емес, үй қызметіне жауапты адам ретінде қарастырылады. “Фарида” әнінің сөзін Қанат Жүнісов жазған.
“Келін болсаң ауылға
Жаным Фа-Фа-Фарида.
Сиыр сауу жүн түту
Сенің мойнында”, – делінген әнде.
Гендерлік экономиканы зерттеуші бұл әннен үй қызметін тек әйелге жүктеу және оның тікелей міндеті деп санау байқалатынын айтты.
Нұрбай Атамұраттың «Ас үйдің атаманы» деген әннің атауы да ер адам өз жарын тек ас үйге жауапты адам деп қабылдайтынын көрсетті. Бұл әннің сөзін Совет Төрехан жазды.
«Ас үйдің атаманы» деген сөзде проблематикалық тұстар өте көп. Біріншіден, ас үйді тек әйелдің ортасы деп қабылдау әйелді тұрмыстық құлдықта ұстағанмен бірдей. Ас үйдің жұмысын әйелдің ақысыз еңбегі етіп көрсету елімізде онсыз да бар. Мұндай әндер гендерлік стереотиптерді күшейтіп қана қоймай, әлеуметтік әділеттілік, құқықтық теңдік ұғымдарын құнсыздандырады. Әйелді қорлағанға ет үйреніп кетеді. Екіншіден, “атаман” деген сөздің өзі құқықтық мемлекет пен зорлықты мәселені шешудің соңғы инстанциясы көретін зорлықшыл мемлекет құруымызға әкеледі”, – деді гендерлік экономиканы зерттеуші.
“Тек саған иіледі”
Әлішер Қонысбаевтың “Ол ару” әні де сексистік мән үшін сынның астында қалған еді. Ондағы түсініктер көп аруға жақпады. Себебі мұнда қыздар тек ерлері үшін тырысады деген мән бар. Әрі ерлердің көзге шөп салу/салмауы әйелдерге байланысты деген ойды үндейді. Сондай-ақ “бағынған” , “келші деп жалынған”, “тек саған иіледі” дегенде де әйелді ерден төмен көру, гендерлік теңсіздік белгілері бар.
“Ол ару тек саған иіледі
Себебі тек сені сүйіп еді
Сен үшін сұлу боп боянады
Ең ғажап көйлегін киінеді
Сен басқа жанға бармасын деп
Сен біреуге ғашық боп қалмасын деп», – делінген өлең жолдарында.
Жауапкершілікті қыздарға жүктейді
Мирас Жүгінісовтың “Жанамын” әніне түсірілген бейнебаяны да сексизм үшін сынға қалды. Өйткені өнер иесі жасанды түсік жасатудың күнә екенін көрсете отырып, аборт жасатқан әйелдерді сынамақ болады және қандай жағдай болмасын олар сәбиді дүниеге әкелу керек деп көрсетеді.
Ол Қанат Бейсекеевтің “Zamandas” подкастында қыздардың түсік жасатуына түбегейлі қарсы екенін ашық айтты. Алайда балалы болу процесіне екі адам да жауапты екенін ескермейді, ерлерден жауапкершілікті алып тастайды.
Qanay орындайтын “Ол қыз” әні де осыған ұқсас. Бұл әннің сөзін кім жазғаны белгісіз. Мұнда қыз баланың өмір салты мен жүріс-тұрысын ашық сынау байқалады. Сондай-ақ “енді сол баланы ту” деген сөз бар. Әнде екінші тараптың жауапкершілігі жоқ.
Айгерім Құсайынқызы мұндай әндер Конституцияның 14-бабына қайшы келетінін айтты. Аталған бап бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты ешкімді кемсітуге болмайды.
Ол осындай сарындағы ән мәтіндері үшін мемлекеттік органдар жазаға тартуға міндетті дейді. 2009 жылғы “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері” туралы заңда барлық салада ерлер мен әйелдер тең құқықты және тең мүмкіндікке ие болуы тиіс.
“Бар ашуын өнермен жеткізген құқықтық нигилистер немесе шынымен де өз өлеңдерінің мәтіні заңға қайшы екенін білмейтін ақын, композитор мен орындаушылар да бар. Өнер адамдары интеллигенцияға айналып, пікір қалыптастырушы өкіл болғанын қаласақ, олар да қоғамның өзекті мәселелерінен хабардар болып, заң шеңберіндегі әрекеттерді насихаттауы керек”, – деді фембелсенді.
Оның айтуынша, көпшілік әзірге әннің сөзіне мән бермегенімен, ол санамызға әсер етуі мүмкін және гендерлік теңдіктің орнауына кері әсер тигізеді.
“Сексизм екенін білмейтін еркектер мне фем призмасы жоқ әйелдер бұл әндерден еш ерсілік көрсемеуі мүмкін. Ол үшін тыңдарманды кінәлай алмайыз, себебі патриархат біздің санамызды, жадымыз мен бізге күретамырдан да жақын ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұл норманы жеңу ақыл-ой еңбегін талап етеді. Барлығы бірдей сыни ойлап, үнемі ән мәтініне көңіл бөлмеуі мүмкін. Әннің сөзіне емес, әуеніне көңіл бөлетіндер мәтінге мүлдем мән бермейді. Әуен әуезді болса, болды дейді”, – деді заңгер.