“Аштық жариялаймын”: Арыстанбек Мұхамедиұлы сотты қорқытты

0

Сегіз жылға бас бостандығынан айырылған экс-шенеунік Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы бір қылмыстық іс бойынша сот залында жауап беруде. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кезекті сот отырысында бұрынғы мәдениет министрі жиналғандарды «аштық жариялаймын» деп қорқытты.

«Егер менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!”, деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Дегенмен сот отырысының басталуынан аяқталуы тез болды. Себебі Мұхамедиұлының мүддесін қорғауға келген екі заңгердің бірі іспен толық таныспаған. Жаңа адвокат судьядан отырысты кейінгі шегеруді сұрап, оның өтініші қанағаттандырылды.

Еске салсақ, бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлына сот өткен айда үкім шығарған. Судья экс-министрді сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Артынша, өткен айдың аяғында оған «Дипломат» қонақ үйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Куәгерлер экс-шенеуніктің қылмысы туралы сотта түсініктеме бергенімен, Мұхамедиұлының өзі «жала жауып отыр» деген сөзінен танар емес.