«Ашсақ, мәйіт басқа адамдікі»: Нұр-Сұлтанда екі мәйіттің орнын ауыстырып жіберген

0
1179

Нұр-Сұлтанда көпсалалы медицина орталығындағы қателіктің кесірінен қайғыда жүрген балалары өз әкесінің орнына басқа біреудің денесін жерлей жаздаған. Медицина мекемесінің қызметкерлері марқұмның мәйітін басқа біреумен шатастырып, Таразға ұшақпен салып жіберген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Марқұмның туысы Кәкен Жантайұлы марқұмның денесі Таразға жіберілгенін айтады.

“Ашсақ, басқа бір адам. Інісі болған, сол көрді. Екі баласы көрді. Мен көрдім, ол емес боп шықты. Бейнесі біраз ұқсайды. Ал енді қалғаны қайда десек, олар айтпайды. «Жоқ, осы» дейді. Өзіне әкеп бұрынғы суретпен салыстырдық, міне, мына адам, мынандай болатын дедік. Анада мең бар, мынада мең жоқ дегеннен кейін бұлар қипылықтай бастады. Таразға кетіп қалды деді”, – дейді ол.

Бүгін таңертең Таразға кетіп қалған марқұмның денесі түс ауа ұшақпен елордаға қайта жеткізілді. Әкелген бойы балалары мен туыстары әуежайдан көлікке салып жерлеуге алып кетті. Айтуларынша, жетпіс жастағы кісі екі апта бойы коронавируспен ауырып, ақыры беті бері қарамай о дүниеге аттанған.

Дәрігерлер екі мәйіт инфекциялық ауруханадан жеткізілгенін айтады.

Кеше кешке екі мәйіттің бірінің баласы келіп, 63 жастағы әкесін танып, Таразға әкететін болған. Сол тәртіппен бүгін таңертең сол мәйіт Таразға жіберілген. Алайда Таразда жерленуі тиіс болған кісінің баласы жағдайды басқаша түсіндірді. Айтуынша, кеше өзі келіп әкесінің денесі қайсы екенін көрсетіп кеткен. Осы былықтың кесірінен өз әкесінің денесі Таразға бүгін кешке жеткізілейін деп тұр. Сондықтан дәрігерлерді салғырттығы үшін сотқа беруге бекінген. Ақ халаттылар кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ шатасқан мәйітті Тараздан қайтарып әкелу шығынын да өз қалтасынан төлеген.

Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медицина орталығы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтыбай Оразбековтың айтуынша, марқұмның баласы әкесін келіп танып кеткен.

“Зертханашы мәйіттің бетін ашып көрсетіп сұраған баласынан: «Сіздің әкеңіз бе?» деп сұраған. Ол: «Иә, менің әкем» деген. Одан кейін рәсім қызметімен бірге келді дейді. Мырыш табытқа салып алып кетті дейді. Одан кейін екінші мәйітке баласы таңертең келген. Туыстарымен. Олар ашып қараған кезде мәйіт бөтен болып шыққан. Сол екеуінің орны ауысып кеткен”, – дейді ол.