Әшімбаев Ашаршылық туралы жинақтың жаңа томдарын таныстырды

0

Сенат төрағасы Ашаршылық туралы жинақтың жаңа томдарын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысына келіп, өңірдегі мәслихат депутаттарымен кездесті. Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа томдарын көпшілікке таныстыру рәсіміне қатысты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Долинка ауылында орналасқан «ҚарЛаг» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті. Қасіретті кезеңнің ізі қалған осы тарихи орында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа 6-7-томдары жұртшылыққа таныстырылды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Сенаттың қолдауымен іске асырылған жинақтың 2021 жылы бес томы жарық көрді.

Аталған құжаттар хроникасының авторлары белгілі отандық ғалымдар мен тарихшылар. Еңбекке енген құжаттардың басым бөлігі бұрын-соңды Қазақстанда жарияланбаған. Тіпті, кітапқа басылған сол кездегі анықтама, бұйрық, қарарлардың бір бөлігі бүгінге дейін құпия сақталып келген.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыстары жандана түсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы да бастама көтерді. Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бұрын құпия болып келген көптеген архив материалдары ашылып, қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде көп томдық жинақ жарық көрді. Дегенмен, әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата төрағасы аталған тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керектігін де атап өтті. Ол Сенат бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, қолға алынған іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

«Соңғы екі жылдың ішінде Сенаттың бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Соның аясында бұрын еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар жиналды. Жұмыс мұнымен тоқтамай, жалғасын тауып, нәтижесінде бүгін аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Бұл жеті томдық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Сол себепті, Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді деп сенеміз», – деп Мәулен Әшімбаев жинақтың жаңа томдарының жарық көруіне атсалысқан ғалымдар мен редакция алқасына алғысын білдірді.