Ащысайдағы шу: Төрт рет қастандық жасалып, бесінші рет пышақтап өлтірген

0

Алматы облысында бірнеше рет қастандық жасалған кәсіпкерді пышақтап өлтірді. Бұған дейінгі оқиға кезінде де қаскөйлердің анықталмағандығына наразы жұрт жергілікті билік өкілдерінен әділ шешімнің шығуын талап етуде. Жақындарды қыр соңынан қалмай бірнеше әрекетке барған қылмыскердің біреу екендігін алға тартуда. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Аман қалып, соңғы бесіншісінде міне ақыры өлтіріп отыр. Соған мынау билік өкілдері, құқық қорғау органдары қандай баппен іс қозғады, қандай деңгейде қазір, осының барлығын біз сұраймыз осы жерден».

Қаскөйлердің бірнеше рет зұлым әрекеті байқалса да, бірінен соң бірі қайталанған қылмыстың неге ашылмағандығына наразы жұрт, әділдік сұрап мемлекеттік мекеменің маңына жиналған. Бұған дейін үрейленсек те үндемедік дегендер бұл жолы аққа қарамен жазылғандай  бәрі анық әрі әділ болуын талап етуде. Өйткені, төрт рет қастандықтан аман қалған Нұрлан Ахметовты бұл жолы үйінің маңайында пышақтап кеткен. Қансыраған ол ауруханада көз жұмиған.

АСЫБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ, АЩЫСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Болған оқиғасы сол түн ішінде бір дауыс естіледі. Бала-шағасымен үйінде екен. Жарылыс дауыс дей ме, хлопушка дей ме, әйтеуір бірдеңке естілген ғой. Содан кейін секем алған да бала-шағаларына үйден шықпаңдар деп жүгіріп далаға шығып кеткен, сол кезде пышақтап кеткен».

Қапияда көз жазып қалдық дегендер, Нұрлан Ахметовтың оғаш әрекеттері мен біреуге жекіп сөйлегенін көрмедік  деп отыр. Сондықтан, қолы жомарт жігіттің қыр-соңынан қалмай қайғылы жағдайға жеткізген қаскөйді құзырлы органдар табу тиіс деп отыр. Сонымен қатар, бұған дейінгі оқиғалардың барлығы бір адамның әдейі жасағаны дейді.

АСЫБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ, АЩЫСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бұл енді аңдыған біреу ғой енді. Аңдып жүріп артына түскен адам біреу. Жаңағы төрт рет бекер жасалып тұрған жоқ. Сол төрт реттің біреуінде сәтті аяқтап отыр өз істерін».

Көкейдегі сұрақтарды қоймақ болып ең алдымен ауыл әкімдігіне соқтық. Алайда, ешқандай пікір бермеймін деген басшы құзырлы органдардың жауап беретіндігін жеткізді. Бұл оқиға төңірегінде облыстық полиция департаментіҚылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни адам өлтіру дерегімен тергеудің басталғандығын хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұрлан Ахметовтың үйіне, көлігіне бомба қойылып, жарылған болатын. Алайда содан бері ешкім ұсталмаған. Марқұмның артында бес қызы мен жұбайы қалды.