Ашхабадта сел болып, кейбір ауданда көліктерді су ағызып кеткен

0

Ұзақ жауған жаңбырдың салдарынан 13 сәуірде Түркіменстан астанасы Ашхабадта сел жүріп, көшелерді су басты деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасаған Азаттықтың Түркімен қызметі.

Селдің күшті болғаны соншалықты кейбір көшелерде көліктерді су ағызып алып кеткен. Қалада интернет байланысы нашарлаған. Бірақ оған табиғи апат себеп болды ма, әлде биліктің интернетті шектеуі себеп болды ма, әзірге белгісіз.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінен кейбір тұрғындардың өзенге айналған көшені кесіп өтуге тырысып, суға құлағаны көрінеді. Жолшыбай кетіп бара жатқан азаматтардың бірі оларға көмектеседі.

Тағы бір видеодан өзенге айналған Ашхабадтағы орталық көшелердің бірінен көліктер жүріп бара жатқаны көрінеді.

Қаладағы кейбір жолдар жабылған, қозғалыс қиындаған. Ашхабад уақытымен түнде сарбаздар Мәскеу көшесіне жүк көлігінен құмы бар қаптар түсірген.

Ашхабадта осыған ұқсас жағдай жыл сайын көктемде болып тұрады. Өткен жылы мамыр айында да күшті сел болған.

Azattyq