Ашғабадта қос жүлде бұйырды

0

Қазақстан ауыр атлетикасының өрлеу кезеңі 2005 жылы басталғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Нақты деректерге сүйенсек, 2005-2015 жылдар аралығында әлем чемпионатының жалауы 9 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің тек біреуінен ғана жүлдесіз оралдық. Ол – 2007 жылы Чиангмайда өткен сайыс. Ал өзге жарыстардың барлығында тамаша өнер көрсеткен отандастарымыз өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі. Мәселен, 2009 жылы Гоянг пен 2014 жылы Алматыда ұйымдастырылған дүбірлі доданың командалық есебінде екінші орынды олжаладық. 2010 жылы Анталияда, 2011 жылы Парижде және 2015 жылы Хьюстонда үшінші тұғырға табан тіредік. 2005 жылы Дохада және 2006 жылы Санто-Домингода төртінші сатыға жайғастық. 2013 жылы Вроцлавта жетінші орынды қанағат тұттық.

Қазақстанның осындай деңгейге жетуі біраз алпауыт мемлекеттер мен түрлі халықаралық ұйымдардың қытығына тисе керек, ілік іздеген олар соңымызға шам алып түсті. Ақырында «допинг қолданды» деген айыппен талай саңлақтарымызды атағынан айырып, түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетті. Соның салдарынан ұлттық командамыз 2017 жылы АҚШ-тың Анахайм қаласында өткен әлем чемпионатына бармады. 

Бір жылға созылған үзілістен кейін қайта қатарға қосылдық. Ашғабадта өткен жарыста тек қос легионер – Арли Чонтей мен Надежда Лихачева ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Чонтейдің – Қытайдан, Лихачеваның Ресейден келгенін спортсүйер қауым жақсы біледі. Өкініштісі, әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған Зүлфия Чиншанло, Фархад Харки, Нижат Рахимов, Карина Горичева, Денис Уланов және Александр Заичиков сынды жұлдыздарымыз жылдың бас­ты додасында қалың топтың арасында қалып қойды. Өз әріптестерімен бірге Түрікменстанға сапар шеккен даңқты зілтемірші Илья Ильин соңғы сәтте жарыс жолына шығудан бас тартты. Тағы бір айта кетерлік жайт, қоссайыстың қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтеріле алмаған Карина Горичева, Нижат Рахимов және Раушан Мешітханова жекелеген жаттығуларда жүлде алды. Ол да көңілге медет. 

Биылғы әлем чемпионатының ко­мандалық сайысында әдеттегідей Қытай құрамасы жеке-дара көш бастады. Бұл жолы Қытай елінің өкілдері 19 (7 алтын+8 күміс+4 қола) жүлдеге қол жеткізді. Екінші орында – Тайланд. Олар 3 алтын мен 3 қоланы қоржынға салды. Үшінші сатыға Иран табан тіреді. Парсы елінің өрендері 2 алтын мен 1 қоланы иеленді. Сондай-ақ Ресей (2+0+0), Солтүстік Корея (1+3+0), Армения (1+1+0), Грузия (1+0+1), Тайпей (1+0+0), Испания (1+0+0) және Индонезия (1+0+0) құрамалары үздік он команданың қатарына қосылды. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ