Асхат Садырбай — Қазақстан жаңалықтары
Белгілі тележүргізуші, продюсер Асхат Садырбай жастар ұйымын құрып жатыр. Мұндағы мақсат – жастардың басын біріктіру. Сол арқылы шешілмей жүрген мәселенің түйінін табуға шақырады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Асхат мырза, қазіргі жастардың еріншек және көп нәрсеге қызығушылықтарының жоқ екенін айтты. Сонымен қатар рейтинг қуушы әріптестеріне ренжімейтінін, бірақ өзінің ондай арзанқол жобалар жасамайтынын да жеткізді.
Асхат мырза, «Қалаулым» бағдарламасының қасында халыққа берері мол жобалар рейтинг жағынан ақсап жатыр. Жеңіл бағдарламалар көрсетіп көрерменді өзіміз үйретіп алдық па, әлде қазақ жеңіл дүниеге әуес боп кетті ма?
«Қалаулым» бағдарламасын сұранысқа сай жасалып жатыр деп естиміз. Оған сенбейін десең, олрдың ютуб-каналындағы аудиториясы өте үлкен. Бұл халықтың көп бөлігі соны көреді деген сөз. Біздің көп көрерменнің талғамы сондай болып тұр. Бірақ мұның да бір дәурені өтеді деп ойлаймын. Хайп қуған сары бағыттағы дүниелердің де өз дәурені болады және ол да өтеді.
Мысалы, сізді интернеттен іздесек «продюсер, журналист Асхат Садырбай деп емес, Ерке Есмаханның бірінші күйеуі» деп шығады. Осы нәрсе көңіліңізге қаяу болмай ма?
Менің кім екенімді хабары бар адамдар онсыз-ақ таниды. Сіз маған Ерке Есмаханның бұрынғы күйеуі ретінде емес, журналист, продюсер ретінде хабарластыңыз. Ондай мақалалардың гуглға бірінші шығатыны көңіліме тимейді. Өйткені менің үйленгенім өтірік емес. Жасырын үйленген жоқпын. Жасырын біреудің қызын бұзбадым. Ақ некемен үйленгенім рас. Одан бала дүниеге келді. Мұның барлығы елдің көз алдында болып жатыр. Одан кейін дәм-тұзымыз жараспай тағдырдың жазуымен ажырасқанымыз рас. Мұны журналистер де жазды. Ал мұндай тақырыптың оқырманы көп болатыны белгілі. Мен Еркеге дейін де Асхат Садырбай болғанмын, одан кейін де сол Асхатпын. Гуглдың іздеуіне атымды терсеңіз, менің жол апатына түскенім туралы да мақала шығады. Тек Еркемен ажырасқаным жөнінде ғана емес.
Сіздің өткен өміріңізді қазбалап неше түрлі ақпарат таратқандар болды. Сол әріптестеріңізге ренжисіз бе?
Жоқ, мен ешкімге ренжімеймін. Егер олар сіз туралы бірдеңе айтып жатса, онда олардан әлдеқайда алда жүрсіз деген сөз. Егер артта келе жатсаңыз, онда сізді талқыламас та еді. Мен өзімді ондай мәселеде биік ұстаймын. Сол деңгейге түсіп, олармен айтысып, ренжісіп жатпаймын.
Асхат мырза, жастар ұйымын құрып жүрсіз? Мұндағы мақсатарыңыз не?
Бізде жастарға арналған әртүрлі ұйым бар. Бірақ олар көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Өзім ұлттық кеңестің мүшесі ретінде жастармен бас қосып, олардың проблемаларын тыңдап және соларды шешуіне атсалысқым келеді. Өйткені біз проблемаларды айтамыз, бірақ оның қашан, қалай шешілетініне бас қатыра бермейміз. Жастардың басы бірігуі қажет. Әр салада белсенділік танытып отырса деймін. Проблемаларды шешуде ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға, жақсылық жасауға, волонтерлікке атсалысуы керек. Оларды дұрыс арнаға бұрып отыратын нақты ұйым жоқ. Менің мақсатым — әртүрлі жастардың басын біріктіретін жақсы бір ұйым құру.
Студенттермен кездесулер жүргізіп жүрсіз. Түркістан облысы, Алматы қаласында, Астанада кездесулер болды. Қандай мсәселелрді қарастырып жүрсіздер?
Әр жерде әртүрлі жастарды кездестіріп жатырмыз. Олардың ойлары жақсы. Өткен жолы ұлттық кеңестің аясында болған министрлермен кездесуде бірнеше мәселені айтып үлгердім. Жұмыссыздық, студенттерді мәжбүрлеп әртүрлі шараларға қатыстыру мәселесі, жан-жақтағы жастар орталықтарының жұмыс істемеуі жөніндегі мәселелер қозғалды. Оқу бітіріп қолына кеше ғана диплом алған студент жұмысқа орналасайын десе, одан еңбек өтілін сұрайды. Ол сонда қайда бару керек, не істеуі қажет? Осы мәселе және біздің елде қандай мамандыққа сұраныс бар? Қай өңірлерден қандай қызмет табуға болады деген секілді шешімін таппай жатқан сұрақтар көп. Осыларды жинап қазір жүйелеп жатырмыз.
Ал қазіргі жастар қандай екен?
Жастардың барлығына бірдей сипаттама бере алмаймыз. Білімді, сауатты, оқыған көзі ашық жастар және жалқаулары да бар. Уақыттарын бекерге өткізіп жүргендер де жоқ емес. Біздің жастардың көбісіне тән нәрсе ол – бейғамдық. Бір кәсіпті меңгеріп алғысы келетіндерді көп кездестіре алмаймын. Қазір жастардың арасында еңбексүйгіштік қасиет азайып кеткен. Дегенмен еңбекқор, кәсіпті домалатып жүрген жастар да бар. Бірақ аз. Көп жастар өз сүйген мамандығында оқып жүрген жоқ. Ең бастысы грантқа оқуға түсіп алған. Өздерінің армандаған мамандықтарын, кәсіптерін жасап жүрген жоқ. Бұл мектептен бастап кеткен қателік. О бастан дұрыс мақсат қойылмаған. Біздің көп жастар еңбектенгісі келмейді. Қарапайым тілмен айтқанда жандарын қинағылары келмейді. Бізден кейін сондай буын тәрбиеленіп шықты. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Бір істің аяғына дейін бармайды. Бұл тек қана журналистикада ғана емес, басқа да салада бар.
Әлеуметтік желіде «Қазақ жігіттері таксисит болып жүр. Ал жақсы қызметтерде зейнеткерлер отыр. Оларға орын жоқ. Бірақ жастар келсе, көп нәрсе өзгерер еді» деп жазғансыз. Жалпы қазақ жастарының таксишілікпен күн көріп жүргеніне кім кінәлі?
Жастардың мұндай хәлге келуіне біріншіден үлкендер кінәлі, екіншіден жастардың өздері кінәлі. Үлкендер жастарға сапалы білім, сауатты практика, жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл барлық салада солай. Ал жастар болса, өз уақыттарын босқа өткізіп жүр. Бірнәрсеге қызығушылық аз. Қазіргілер аз айлыққа жұмыс істемейді, бірден байып кетуді ойлайды. Әрине, байысын. Бірақ бізге сауатты кадрлер керек. Біз қашанғы ата-апаларымыздың еңбегіне тамсанып жүреміз? Бізге жас министрлер, депутаттар, әкімдер керек. Ақша табудың оңай жолын тауып алып «біз бай болайық» дейді. Бірақ біздің болашағымыз тек бай жастар ма? Сауатты, білімді жастар қайда сонда?
Жақында сіздің атыңыздан ашылған аккаунттан жалған хабарландыру тараған еді. Сол адам кім, іздестірдіңіз бе?
Иә менің атымнан аккаунт ашып, Қазақстанның демократиялық таңдауының хабарландыруын таратқан. Атың белгілі болған соң да аяқтан шалатындар көп. Ол адамның кім екенін анықтай алмадым. Бірақ ескерту жаздым. Шынымды айтсам, осындай нәрселерді түсінбеймін.
Сізді көре алматындар ма, әлде дұшпан көп бе?
Бәріміз пенде болған соң дос та, дұшпан да болады. Дұшпаны жоқ деген мүмкін емес нәрсе шығар. Біра дұшпаным, ия болмаса көре алмайтын адамдарым көп деп айта алмаймын. Егер сенің ісің адал, еңбегің дұрыс болса, онда ешкім саған күйе жаға алмайды деп ойлаймын.
Аяқтан шалушылар ше?
Аяқтан шалушылар болды. Мысалы, осы уақытқа дейін мемлекеттен бірде-бір жүлде алған емеспін. Бұл да аяқтан шалушылардың әрекеттері. Дегенмен Құдай берген несібесінен ешкім қаға алмайды. Бірақ жаңағыдай сәттерге келгенде көңіліңе біраз қаяу салады. Бізде кішкене көзге түсіп қалсаң, аяқтан шалушылар шығады ғой қашан да.
stan.kz