Асхат Аймағамбетов: Жалақыны көбейту – Президент міндеттеген тапсырма

0

Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын өсіру – ректор немесе министрліктің емес, Президенттің тікелей тапсырмасының арқасында жүзеге асты. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында айтты деп хабарлайды KzNews.kz.

«Біз мониторинг жүргіздік. Президент тапсырмасын қай жоғары оқу орны қандай деңгейде, сапалы немесе сапасыз орындағанын көріп отырмыз. Ең бастысы  – жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеру – ректор немесе министрліктің емес, Президенттің тікелей тапсырмасының арқасында жүзеге асты. ҰҚСК отырысының хаттамасы бойынша гранттар құны ұлғайтылғанын білесіздер. Бұл мемлекет басшысының үлкен қолдауы екенін түсіну қажет», – деді  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқытушылардың жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті, одан бөлек педагогтердің жалақысы, докторанттар мен болашақ педагогтердің стипендиясы ұлғайды.

«Стипендия бойынша да айтарлықтай өсім байқалады. Егер педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер өткен жылы осы уақытта 20 мың теңге көлемінде стипендия алса, қазір ай сайын 42 мың теңге алып отыр. Сондай-ақ сабағын жақсы оқып жатқан үздіктердің стипендиясы 48 мың теңге болды. Демек, бір жылда стипендия 2 есе өсті. Бұл да Мемлекет басшысының ұстанымының және оның тапсырмасының арқасында жүзеге асып отыр», – деп атап өтті министр.