«Асхана толған шыбын, лас, ұнамсыз иіс мүңкіп тұр»: Жамбыл облысындағы лагерлердің бірінде жанжал шықты

0

Жамбыл облысындағы “Болашақ” лагерінде тағы да жанжал шықты. Лагерде демалып жатқан 7 жасар ұл бала ауыр жарақат алған. Баланың анасы Марал Қожабекова лагер ешқандай талаптарға сай емес екенін, санитарлық талаптар сақталмағанын айтып, лагер жұмыс істеуіне наразылық білдірді.

14 жасар қызы мен 7 жасар ұлын Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» лагеріне жіберген келіншек, лагерде балаларға қарамайтынын, балалары бірнеше рет аш қалғанын, жуынуға мүмкіндігі болмағандығын, оған қоса жарақат алғанын айтып ашынды.

“Демалыстың үшінші күні біз балаларымызды көруге бардық. Түстен кейін 15:00 шамасында балалар әлі тамақтанбаған, аш жүргенін көрдік. Тәрбиешілер бала көп болғандықтан, түскі тамақтың кезегі әлі келмегенін айтты. Ұлым күннің ыстығында қалың шалбармен жүрді, үстінің бәрі кір. Балам шомылуға әлі апармағанын түсіндірді. Тек хауызда бірнеше рет жүзіп, артынша хауыздың да суын төгіп тастапты. Мен қызыма ініңе неге қарамағансың деп ұрсқан кезде, қызым ұлымның корпусына кіре алмайтынын, тек аулада ғана бір-бірін көретінін айтты. Тәрбиешіге баламның киімін ауыстырып, жуындыруға апарыңыздар деп өтініш жасаған болатынмын. Өйткені ұлым 7 жаста, өз бетімен жуына алмайды, тіпті киімдері салынған сөмкені ала алмайтынын, ол төсектердің астында қалғанын айтты”, – дейді кешліншек.

Бірнеше күннен кейін қызы хабарласып, тамақ алып келуін сұрапты. Тамақ беретінін, бірақ қарындары тоймайтынын жеткізіпті.

“Бауырсақ пісіріп, азық-түлік алып, лагерге қайтадан келдік. Балам әлі жуынбаған, сол қалың шалбармен жүрді. Тәриешіге тағы да ескерту жасадым. Бұл сегізінші күн болатын”, – деп түсіндірді баланың анасы.

Ертесі күні қызы анасына бейтаныс нөмерден хабарласып, бір нәрсені түсіндірмек болған, бірақ байланыс үзіліп кетіпті.

“Түске таман маған полициядан хабарласып, лагерде оқыс оқиға болғаны туралы айтты. Балам балмұздаққа жүгіремін деп, төсекке соғылып, басын жарып алған екен. Баламның жарақатын түнде ауруханаға апарып тіктіріп, қайтадан лагерге апарып тастапты. Бірде-бір адам ата-анасына хабар бермеген”, – деп ашынды келіншек.

Онымен қаймай, шу шығарған келіншек туралы лагер басшылығы ақпарат жинап, мектепке шағымданған көрінеді.

Көптеген ата-аналардың айтуы бойынша 15-16 бала бір бөлмеде бірге ұйқтайтын көрінеді. Кіші топтар лагерде болған кезде мүлдем душ қабылдамаған. Таңғы ас күндізгі сағат 11:00-де, түскі ас 16:00-де берілген.

Марал Қожабекова облыстық білім бөліміне шағым түсіргеннен кейін, білім бөлімі лагерде тексеру жүргізген. Олардың сөзінде, лагер балық талаптарға сай болып шыққан. Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз қызметі жағдайдан хабардар екендерін айтты.

Жауапты адамдар жалпы лагердің санитарлық жағдайы қанағаттанарлық, бассейндегі су таза, балалар бекітілген мәзірге сәйкес күніне бес рет тамақтанады деген қорытындыға келді. Тамақтың сапасын диетолог қадағалайды. Жатын бөлмелерінің жағдайы қанағаттанарлық, төсек жапқыштары таза екенін жеткізді. Оған қоса, лагердің мәселесі облыстық білім басқармасының бақылауында екенін айтты.

“Бүгін 2021 жылғы 18 шілдеде Жамбыл Облысының Білім Басқармасы өкілі және Темурлан Турдалин, Талгат Курманкулов, Merekе, Хами Сауранбек, Talgat Kyrykbaev біріге «Болашақ» жазғы лагерінің жұмыс барысын тексеруге бардық.Тексеру барысында балаларға ойын-сауық және демалыс қызық өтуіне жағдай жасалған. Ия, концерт, жарыс, ойын, үйірме дегендері бар. Балалар қызықты өткізіп жатқанына келісемін. Алайда, санитарлық нормалар сақталмаған. Асхана және тамақтану залы толған шыбын, лас, ұнамсыз иіс мүңкіп тұр”, – деп түсіндірді Жанат Естаева есімді қолданушы.

Сонымен қатар, Жанат Естаева балаларға ешқандай жағдай жасалмағанын айтып ашынған.

“Балаларға қызмет көрсететін персонал, атап айтсақ медбике мен асхана жұмысшылары ыдыс-аяқ қалай жуылып, қалай өңделіп, қандай градус суда жуылып, шайылатыны, хлорлы езбенің % құрамы деген не екені туралы жапқан ауыздарын ашпады. Лагерьдегі бір де бір персоналға жұмыс жасауға медкітапшасы мен «рұқсат» деген құжат көрсетілмеді. Кварц тек процедурный кабинетте. Жылжымалы кварц лампалары бар деді, алайда көрсетуді өтінгенде, бәрі істен шыққанын, бүгін қалаға жөндеуге алып кеткені айтылды.  Соның өзінде жылжымалы лампа 5 дана ғана бар болып шықты. Әрбір отрядтың әрбір бөлмесінде кварцтық обработқа уақыты үш рет бір мезгілде жасалатыны жазылған. Демек, 5 кварцлампамен бәрін сол уақыт ішінде толыққанды тазарту мүмкін емес”, – деп мәлімдеді келіншек.

Оған қоса, тағы да бірқатар олқылықтар анықталған көрінеді.

“Пышақ, тақтайлар маркировкасы жоқ. Сүт және шикі ет өнімдері бірге сақталады. Демалып жатқан балалардың тек 27-сіне ғана өткен медкомиссия анықтамаларын көрсете алды. Ал лагерьде 200 астам бала бар. Распредкоробкалардың, розеткалардың беті ашық”, – дейді ол.

Алайда, лагер әлі де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Марал Қожабекова тексеру кезінде олқылықтар анықталса да, ешқандай шара қолданылмай жатқанын жеткізді.

“Арада 11 күн өтті, лагерь бұрынғыша жұмысын жалғастырып жатыр, менің жан айқайымнан кейін комиссия құрылып, тексеріс жүргізіліп, лагердегі жағдайдың жақсы екені айтылды. Тексеріс баратын күні бөлмелерді тазартып, төсектердің арасын сәл ашып тастағанын жарияланған суреттерден көрдім, көрдім де күрсіндім. Ол мейлі, пост жарық көргеннен кейін маған лагерь директорлары, баламның тәрбиешісі болған қыздың анасы хабарласты, алдымнан өтіп кешірім сұрағылары келетінін айтты, бірақ мен ешкіммен кездеспейтінімді, ешкімнен ештеңе талап етпейтінімді айтып жолатпадым. Менің талабым—лагерьді жабу ғана!” – дейді ашынған ана.