Аша Матай енді «Қалаулымды» жүргізбейтінін мәлімдеді — Қазақстан жаңалықтары

0

Аша Матай бұдан былай «Қалаулым» бағдарламасын жүргізбейді. Бұл туралы бүгін бағдарламаға қонақ болып келген тележүргізушінің өзі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.

Аша Матай

Аша мұндай шешімге келуіне не себеп болғанын түсіндірді.

«Оған біраз жайттар бар. Жақын арада жаңа жоба ашылады. Сол жобаға дайындалу үстіндемін. Бірақ мен «Қалаулымды» тастаған емеспін. Жанымдай жақсы көремін, өзімнің балапаным», — деді Аша.

Тележүргізуші екінші маусымның аяқталуына небәрі екі ай қалғанын айта келе, үшінші маусымда қайта оралуы мүмкін екенін де жасырмады. 

Сондай-ақ, Аша денсаулығы сыр беріп жүргенін айтты. 

«Көрермендер байқаған да шығар, «Қалаулым» отбасыма, денсаулығыма көп қиыншылықтар келтірді. Өз жұмысымды сүйгендіктен, жұмысыма адал болғандықтан, күнделікті үш сағат тікелей эфирді жүргіздім», — дейді Аша.

Арман Қоңырбаев жұбайының бұл шешімін естігенде қатты қуанғанын жасырмады. 

«Аша түске дейін жұмыста болады, бір-бірімізді жарты күн көрмейміз. Ашаға «Қалаулымды» жүргізу расымен де қиын болды. Өйткені бір ай емес, 1,5-2 жылдай жүргізді. Аптасына 5 рет тікелей эфир, оңай емес. Әрдайым Ашаға жаным ашитын, себебі мұнда түрлі жағдайлар болады. Эмоцияға қатты беріледі, «Қалаулымға» қатты кіріп кетіп, өзіміздің өмірімізге қайтып келу қиынға соғатын. «Қалаулымнан» кейін ауырып қалатын кездер де болды. Гримеркадан шығып, бірден ауруханаға баратын күндеріміз де болған», — дейді Арман. 

Қоңырбаев жұбайын бұл жұмысынан әлдеқашан шығарып алғысы келген. Алайда отбасын құрған кезде шығармашылығына кедергі келтірмеймін деп уәде бергендіктен, ештеңе дей алмаған. 

«Енді күнде қасымда, өзімді бақытты сезініп жүрмін», — деп қуанышын жеткізді Арман.

 

stan.kz