Әсет  Болғанбаевтың туғанына –  90 жыл

0
174

Биыл қазақ тілінің дамуына үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Әсет Болғанбаевтың 90 жылдығы.

2017 жылдың желтоқсан айында Алматыда «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында тілтанушының мерейтойына орай кітап көрмесі өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы конференция залында Әсет Болғанбайұлының «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстел басталар алдында алдында Ә. Болғанбаевтың өмір жолы, ғылыми еңбектері, мақалалары қойылған көрме таныстырылды. Келген қонақтар мен жалпы оқырман назарына ғалымның кітаптарының көрмесі мен фотосуреттерінен слайдтар көрсетілді.  Дөңгелек үстелді филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақов жүргізіп отырды.

Әсет Болғанбаев

Іс-шарада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері Сейдін Бизақов «Тілім деп тыным таппаған ғалым», Нұргелді Уәли «Лексикограф – ғалым», Жамал Манкеева «Сөз кестесін түзген ғалым», Рүстем Шойбеков « Әсет Болғанбаевтың қазақ руханиятын танытудағы еңбектері», Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Гүлбану Қосымова «Синонимдер – шешендіктің маңызды құралы», филология ғылымдарының докторы, доцент Майра Жүнісова  «Әсет Болғанбаевтың синонимдер сөздігі туралы», әл-Фараби атындағы атындағы ҚазҰУ-дың филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлова «Әсет Болғанбаев фразеологизмдердің синонимдік сипаты туралы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Асылы Осман «Синонимдер атасы» деген тақырыпта баяндамаларын жасады.

Іс-шара Ә.Болғанбайұлының «Сөз әлемі» кітабының салтанатты тұсаукесу рәсіміне жалғасты.

Мерейтойға арналған дөңгелек үстел отырысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері, академик Өмірзақ Айтбаев пен филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбанов замандас тілтанушы ғалым, әріптестері Әсет Болғанбаев туралы теледидар, газет тілшілеріне естеліктер айтып, сұхбат берді.

Әсет Болғанбаев

Жиын соңында кітапхана оқырмандары, студенттер ғалымға арналған игі шараны ұймдастыруға белсене атсалысқан ғалымның туысы Бибігүл Болғанбаеваға, ғалымдар  Жамал Манкеева, Айгүл Әмірбекова, Гүлбану Қосымовалар мен жас маман-ғалымдарға алғыстарын айтты.

Әсет Болғанбаев

«Қамшы» сілтейді