Әсел Сәдуақасова төсектес болуды сұраған беделді адам туралы айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

АЛМАТЫ, 11 сәуір – Sputnik. Актриса Әсел Сәдуақасова «Если честно» радио бағдарламасына берген сұқбатында кино саласындағы сексуалдық қысым туралы ашып айтты.  

«Маған қадала қарайтындарды 17 жасымнан аңғара бастадым. Бірақ тікелей өзіме келіп: «Кеттік, сенде бәрі болады» деген басқа нәрсе.  Ондай жағдай бір рет болды. Бірақ оның атын атай алмаймын. Өйткені әлі осы салада істейді. Өте беделді», — дейді ол.

Актриса құпия жайттың бүге-шегесіне дейін айтып беруді жөн көріпті.

«Бір күні ол қасыма жақындап келіп: «Танымал болғың келе ме» деп сұрады. «Әрине» деп көзім жайнап кетті. Балалық қой менікі, соған сеніп тұрған. 20 жаста ғана екенмін сол кезде. «Онда, давай, кешке кешкі асқа кел», — деді ол. Сол кезде кішкене ойланып қалдым. Сөйтіп неге екенін қайдам, жігітімнің барын айттым. Сізге «Қазақфильмге» соғайын деп қоямын арасында. «Жоқ, кешкі асқа келуің керек» деді. Ал мен одан бас тарттым. «Өзің біл онда, саған кинода орын жоқ» деп ол жалт бұрылды», — дейді актриса.

Ол бұлайша емеурін таныту шоу-бизнесте қалыпты жағдай екенін айтады. Ал бас салып, зорлағысы келетіндердікі шынымен де шектен шыққандық деп санайды. Сәдуақасова сондай бір жайтты мысалға да келтірді.

«Кеше ғана бір қыз қоңырау шалып, менен ақыл сұрады. Не дерімді білмедім. Бұл тақырып бізде өте жабық қой. Енді емеурін білдіргенге көз жұма салайық. Ал ол қызды сол арада бас салып, киімін жыртқан. Құдай сақтап, біреулер келіп қалған… Қазір желі деген жақсы болды. Дәлелің болса, осы масқараларды жария етіп жіберуге болады. Содан кейін де соңғы кездері ақылы бар адамдар өзін дұрыс ұстауға көшкен секілді», — дейді ол.

Сәдуақасова кино саласында зорлық-зомбылық құрбаны болған немесе бола жаздаған сіңлілеріне ақыл айтуды да ұмытпады.

«Егер мен ол қыздың орнында болсам, әрине, полицияға арыз жазар едім. Оны бүкіл елге масқаралар едім. Сонда ол өзгелерге сабақ болар еді», — дейді ол.

Айта кетсек, Әсел Сәдуақасова – «Дауыс International» тобының әншісі, актриса. «Саранча», «Адель», «Кластастар», «Келін де адам» сынды фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.

 



sputniknews.kz