Асауды алғаш ауыздықтағандар кезінде ғарышқа адам ұшқандай ұлы қадам жасаған еді

0
190

Әңгіме еліміздің солтүстігіндегі Айыртау ауданының аумағында орна­лас­қан Ботай қонысының адамзат тари­хында алатын алапат орны туралы болмақшы. «Адамзат тарихында алатын алапат орны» дегеніміз қыздырманың қызыл сөзі емес тіпті де. Бұл мекеннің қыры мен сырын санап тауыса алмайсыз. О шеті мен бұ шеті 25 гектар аумақты алып жатқан Ботай қонысынан бұған дейін 158 үйдің орны аршылды. Жалпы, ондағы үйдің саны 250-ден кем түспейді. Біз Ұлы даланың бірінші қыры ретінде аталған атқа міну мәдениетінің өзін де толық қамтуға ұмтылмай, соның бастауын – жылқының қолға үйретілуін ғана айтуға бекініп отырмыз.

Осыдан 15 мың жылдай бұрын адамзат баласы аса ауқымды биологиялық тәжірибеге кірісіп кетті. Оның аты – доместикация. «Қолға үйрету» деп жатық жазуды білмей отырғанымыз жоқ. Өйткені бұл ұғым жабайы жануарларды қолға үйретуге де, табиғат аясындағы өсімдіктерді қолдан өсіруге де байланысты айтылады. Бүгінде қолдан өсірілетін өсімдіктердің айнал­дырған 40 шақты түрінің өзі-ақ адам­заттың бүкіл азық-түлік қажетін өтеп тұр, соның ішіндегі небәрі 8 түрі бүкіл азықтың 66 пайызын құрайды. Домес­тикацияның өсімдікке қатысты жағын осымен түйіндейік те негізгі әңгімеге ауысайық.

Алдыңғы жылы Мәскеудің «Ломо­носовъ» баспасынан Вера Курская­ның «История лошади в истории человечества» деген кітабы жарық көрді. Соның бірінші бетінде-ақ автор «бие» (iumenta) сөзі латынның «iuvat», яғни «көмектесу» сөзінен шыққанын айтады. «Тарихтың барлық белесінде жылқы адамға көмек­тесумен келеді. Онымен жер де жыртылады, аң да ауланады, жүк те тасылады, адам соны мініп жүріп соғысады, адамға қорек болатын да сол, адамды құтқарып қалатын да сол. Оның үстіне жылқы кеңістікті тұтастырып тұрады – жылқы болмаса ежелгі империялардың құрылуы мүмкін емес еді», дейді автор. Дәл сөз. Адам баласының бір кезде жылқысыз күні болмаған. «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» (Нұрсұлтан Назарбаев). Сол ұлы дәуірге басқалардан да бөлекше құрметпен қарауға тиісті халық­тың бірі мына біз – қазақтар. Ел­таң­басына қанатты тұлпар бейнелеген біз­ден басқа халық мына әлемде, сірә, көп те емес шығар, бар болса да. Түбі бір түркі түгел тұрғанда арғыдағы ата-ба­ба­ларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуро­паға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі орасан зор аймақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі орын алып келсе де, ежелден ер деген атымыз шығып, намысын бермеген берендігіміз сақталса да, ойымыз озық, сезіміміз сәулелі, қиялымыз қанатты қалыптасса да, осының бәрінде атам қазақ «ер қанаты» деп дәріптейтін, төрт түліктің төресі деп әдіптейтін қай­ран Қамбар атаның алар орны орасан. Дәс­түрлі қазақ қоғамында байлықтың да, берекенің де, беделдің де өлшенетін бірлігі дәл осы жылқы.

Жылқының қолға алғаш рет қай жерде үйретілгені жөнінде дау – талайдан келе жатқан дау. Энеолиттің алдындағы неолитте де, оның алдындағы мезолитте де, оның алдындағы палеолитте де үңгірлердегі, жартастардағы суреттер­де жылқы талай бейнеленгенімен, жылқы мыңдаған жылдар бойы кәдімгі жабайы жануар ретінде, тек тамақ үшін ауланып қана келген. Дэвид Энтони­дің далалық деп аталатын теориясы бойынша жылқыны алғашқы жуасытушылар Еуропа мен Азияның түйісер тұсындағы көшпелі малшылар болуға тиіс еді. Ақыры солай болып шықты да. Оңтүстік Сібір мен Қазақстан жеріндегі қандай да бір ежелгі адамдар топтарын оңтүстікеуропеидтар деп санауға еш негіз жоқ екендігі бүгінде түпкілікті дәлелденген. Бұл жерге Орта әлде Ал­дың­ғы Азиядан немесе Кавказ сыртынан миграциямен әлдебір топтардың келу мүмкіндігін де антропология теріс­ке шығарды. Радийкөміртекті ана­лиз жасау мүмкіндігі ашылғалы жыл­қы­ны алғаш қолға үйреткен болуы мүмкін делінетін бұрынғы көп орын­дар өзінен өзі сыдырылып шығып қалды. Мысалы, талай уақыт бойы ең еже­лгі жылқы қолға үйретілген жер сана­лып келген Украинаның Дереевка елді мекеніндегі топырақ қабатына әлдеқайда кейінгі кездің (б.д.д. 700 жылдың шамасындағы) жылқысының сүйегі түсіп кеткендігі анықталды. Ғалымдардың ортақ ойы енді Еуразия ойпаттарына қарай ойыса бастады. «В наше время большинство сходятся во мнении, что оно («одомашнивание» дегені – С.А.) произошло где-то в степях Евразии», деп жазады В.Курская біз сөз басында атаған кітабында. Тағы бір тұста: «Очевидно, что одомашнивание лошади человеком произошло где-то на стыке Европы и Азии», дейтіні де бар. Шынын айтқанда, осылай қайта-қайта «где-то», «где-то» деп бұлдырлата маңайлатқанмен, нақты жазбайтын (бәлкім, жазғысы келмейтін) авторлар аз емес еді. Бірте-бірте олар ана­ғұрлым азая түсті. Азайтқан – біздің Бо­тайы­мыз. Айтқандай, сөздің реті ке­ліп тұрғанда осы қоныстың атын алған адамды да атай кетелік. Айыртауға жақын­да арнайы барғанда осы қоныс­тың сақ­талуына, қорғалуына көп ең­бек сіңірген азамат Уәлихан Құлбаев­тан білгені­міз бо­йынша, Ботай бабамыз сол өңірдің зиялы азаматы, би болған, қажылық парызын атқарған кісі екен. Оның әкесі Досан – та­рихта ізі қалған, Абылай ханның замандасы, сенімді серігі, батыры болған адам. Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты кітабында Досан батыр туралы нақты мәліметтер бар. Ботайдың өзінің кенже ұлы Кенжебек Кенесары көтерілісінде жанын қиған. Әлемге таны­лып жатқан есімнің құрметке лайықты адамның аты екенін біліп, оған да бір көңіл тоғайтып қалдық.

Жылқының алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгені Ботай қоны­сында жүргізілген археологиялық, ос­тео­­логиялық (анатомияның сүйек құры­­лысын зерттейтін саласы) зерттеу­лер арқылы даусыз дәлелденіп отыр деп бүгінде нық сеніммен айта аламыз. Отандық ғылымның беткеұстар тұлғаларының бірі де бірегейі Виктор Федорович Зайберт сонау 1980 жылы ашқан Ботай қонысының жұлдызын жандырған еліміздің егемендігі екендігін ерекше атағымыз келеді. Мәселе мынада. Ботай ашылған алғашқы жеті күндегі аршу жұмысы кезінде 40 мыңнан астам заттық дерек табылғанынан-ақ оның нағыз феномен дерлік археология­лық нысан екендігі көрініп тұрған еді. Виктор Зайберт өзінің 2011 жылы жарық көрген «Ботай. Дала өркениетінің бас­тауында» атты кітабында (жалпы, археологтың ең іргелі еңбегі – 2009 жылы шыққан «Ботайская культура» атты зерт­теуі) сол кездегі сенсацияның сипа­тын былай түсіндіреді. Ботай фото­ларын жан-жақтағы ең атақты архео­лог­тарға жібермей ме? Жіберсе олар теле­фонмен хабарласып, «Көріп тұрмыз, бірақ көргенімізге сенбей тұр­мыз. Ботайға барып, өз көзімізбен көр­генде ғана сенетін боламыз», деп айтады дейді. Содан 1983 жылы Ботайда Бүкіл­одақтық археологиялық семинар ұйымдастырылып, оған Кеңес одағының мен деген археологтары жиналған. Бәрі аң-таң болған. Ботай­дың энеолит дәуіріндегі, яғни осыдан 6 мың жылдай бұрынғы ерекше қоныс екендігіне сенбеске амалдары қалмаған. Алайда, кеңестік кеңістікте ғана мойындалған бұл жаңалық­қа әлемдік ғылыми қоғамдастықтың қолы жет­пей-ақ қойды. Өйткені КСРО жа­бық мемлекет болатын. Мысалы, Мажар­стан академиясының директоры, жылқы доместикациясы бойынша ең танымал мамандардың бірі саналатын атақты палеозоолог Шандор Бёкени қатарынан бес жыл бойы сұранып жүрсе де Ботайға келетін виза ала ал­мап­ты. Тәуелсіздік жылдарында жағ­дай түбірінен өзгерді. Егемендіктің елең-алаңында-ақ Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Германияның, басқа да ел­дер­дің ғалымдары ағылды Ботайға. Кем­бридждің, Белфасттың, Оксфорд­тың, Харт­вигтің, Мюнхеннің маман­дары­ның қолындағы ең осы заман­ғы технология­­­лар арқылы тас ғасырының соңында Ботай қонысында Еуразия аборигендерінің культурогенездік негізі қаланғаны, материалдық мәдениет жасауда ондаған техникалық жаңалықтар ашылғаны, планетада бірінші болып жылқының осы жер­де қолға үйретілгені дәлелденді! Мұ­ның бәрі Англиядағы Бристоль және Экзетер университеттерінде зерт­хана­лық жолмен қосымша тағы айғақ­тал­ды. Бұл шын мәнінде әлемдік сенсация еді. 1994 жылы Кембриджде Британ Ко­роль­дік қоғамының шақыруы бойын­ша Ботай қонысының материалдары негі­зінде «Далалық өркениеттің бастау­лары» атты археологиялық көрме ұйым­дастырылды, В.Ф.Зайберт Бел­фастта, Кембриджде, Ньюкаслде, Эдин­бург­те лекциялар оқыды. 1995 жылы Ботай­да «Еуразияның ежелгі жылқы­шы­лары» деген атпен өткізілген халық­ара­лық сим­позиумға 16 елден 80 ғалы­м қатыс­ты. 2015 жылы Ботай архе­о­ло­­гия­лық ескерт­кіші музейлендіру ныса­ны­на айнал­дырылды. Әлемдік ғылымда «Ботай мәдениеті» ұғымы біржолата орнықты.

Қазақ жеріндегі бұл жаңалықтың бәрі не арқылы дәлелденіп отыр дейсіз ғой? Айтайық. Ботайдағы артефактілердің аса байлығы қайран қалдырады. Мәдени қабаттан 60 мыңнан астам бұйым, соның ішінде тас пышақтар, қанжар, жебе, найза, ине, жуалдыз, тағы басқалар, жылқының 70 мың сүйегі табылған. Көз алдыңызға келтіріп байқай беріңіз. Көп жылқының бір жерге үйіріліп ұсталуының өзі-ақ олардың қолға үйретілгенін көрсетіп тұрғанын түсіну үшін археолог болу да, остеолог болу да шарт емес. Жылқы қиының тұтасқан қабатты құрайтынынан олардың қорада қамалып ұсталғанын шамалау үшін жай ғана қазақ болудың өзі жетіп жатыр. Осылардың бәрінің уақыты радий­көмір­текті анализ арқылы қолмен қой­­ған­дай анықталып, Ботайдағы жылқы сүйектері әлемде бұған дейінгі­лер­­дің ең ескісі екені дәлелденіп отыр. «Асау­ды алғаш ауыздықтаған» деген тақы­рыпты мақаламызға дыбыс үн­дестігіне бола қойған жоқпыз. Ботай­лық­тар жылқыны үйірлеп қамап, етін жеп қана отырмаған. Аттардың азу тісінде ауыздықтың іздері қалған, ондай ізді тері ауыздық та қалдыра береді. Ал сол заманнан ат әбзелдерінің, кәдімгі құрықтың, теріден тігілген шалбардың, тізеден асатын тері етіктің, тымақтың табылғаны тіпті таңдандырады. Тіпті, айғырларды піштіретін қандауырға дейін бар. Ең қызығы – ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан британиялық ғалымдар қымыздың молекулалық қалдығын анықтап отыр! Демек, ботайлықтар жылқыны азық ретінде де, мініс көлігі ретінде де, сусын көзі ретінде де пайдаланған. Сол заманнан бұдан басқа нені күтуге болады? Мұны аз десеңіз, Ботай мәдениеті малшыларының далалық күнтізбелік циклды қалыптастырғанын қосып айтайық. «Қыста олар аумағы 20-30 гектарлық үлкен қоныстарда тұрған, ал көктемде тұрғындардың бір бөлігі аттар­ды айдап, Торғай қойнауларына, Ұлы­тау баурайына шығып кететін», деп жазады В.Зайберт. Сонымен ол заманда ботайлықтар жартылай көшпелі өмір салтын ұстанған деп санай аламыз.

Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн. Ботай бүкіл әлемнің мәдени қазы­насына қосылады. «Бүгінгі дәуір­дің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың саң мың сұрағының жауабын дәл осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр», деген атақты америкалық оқымысты Д.Энтонидің, «Жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы Солтүстік Қазақстанда, жазық далада басталады. Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жетуге мүмкіндік туды. Бұл адамның тағдырын түбегейлі өзгертті» деген атышулы продюсер Найоби Томпсонның, «Ботай феномені Еуразия даласындағы ежелгі жылқышылардың ең бастапқы мәдениетінің әлеміне алып кіреді. Жалпы, гомосапиенстің тарихында бұл бөгетті бұзып-жарып өткендей құбылыс болды. Ол құбылысты адамның ғарышқа ұшуымен ғана салыстыра аламыз» деген өзіміздің тамаша ғалымымыз Зейнолла Самашевтің бағаларына қосып айтар сөз табу да оңай емес сияқты. Дегенмен, ойды таратуға тырысып көрейік. Ботайда басталған доместикация бара-бара бүкіл адамзаттың өмір салтын өзгертті. Қазақ даласынан жер бетіндегі ең ұлы инновациялар бастау алды, олар өркениетті басқа сатыға ауыстырып берді. Жылқыны қолға үйрету дамудың шешуші қозғаушы күшінің біріне айналды. Атқа қонған адам – табаны жерден көтерілген адам. Жан-жағына жоғарыдан қарай алатын адам. Атқа қонған адам – уақытты жылдамдата алатын адам. Адамның атқа қонуымен қағидатты түрде жаңа дәуір – аттылы көлік коммуникациясының дәуірі бас­талды. Жаһандық өркениеттің атымен жаңа беті ашылды. Бұл – адамзат тарихына біздің бабаларымыз қосқан ең бас­ты үлес. Президент мақаласынан кейін біз осылай сөйлесек жарасады.

Оған осы жазда өзіміздің де көзіміз жете түсті. Парижде болғанымызда дәл Эйфель мұнарасының жанындағы Адам музейіне барғанбыз. «Біздің тарихымызға байланысты бір қызықты мәліметті көрсетемін», деген еді сондағы елшілікте Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаратын тарихшы ұлым. Айтқанындай-ақ бар екен. Көргенім ойлағанымнан да асып түсті. Бір залда адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ең ұлы жаңалықтар жөнінде әңгімелейтін стенділер қойылыпты. Соның біріндегі түсіндірме жазуды біз бүгін ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы жалпақ жұртшылыққа жеткізгелі отырмыз. Ол стендіде (cуретте) француз тілінде былай деп жазылған: «Ботай мәдениеті Орталық Азияның далалары мен жазираларының тоғысқан тұсында орналасты. Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен. Осынау қуаң далалық аумақта тұратын адамдар жартылай көшпелі өмір сүрген. Адам тіршілігінің іздері негізінен көлдердің айналасынан көрінеді, олардың құрылымы мен тұрғынжайлары Еуропадағы осы тектес ежелгі құрылымдарды (ағаштан және басқа өсімдік бұтақтарынан жасалған баспаналарды) еске салады. Бұл өлкеге тән ерекшелік ретінде неолит басталғанға дейін белгілі болған өрнекті керамиканы және шағын көлемді ықшам құралдарды (микролиттерді) атауға болады». Бұл фактіге қосымша түсінік беріп жату артық екені анық. «Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен» деген сөз әлемнің мәдени астанасы саналатын Париждің қақ ортасындағы Адам музейінде жазулы тұр! Оны бүкіл әлемнің қиыр-қиырынан келгендер оқып жатыр. Мұны біз ата-бабалары­мыздың адамзаттың дамуына қосқан ұлы үлесінің нақты мойындалуы, жа­һан­дық тұрғыда танылуы деп білеміз. Иә, аға­йын, айтсақ аузымыз толатын жеңі­сі­міз бұл. Баянды болсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты