Асауды алғаш ауыздықтағандар кезінде ғарышқа адам ұшқандай ұлы қадам жасаған еді
Әңгіме еліміздің солтүстігіндегі Айыртау ауданының аумағында орналасқан Ботай қонысының адамзат тарихында алатын алапат орны туралы болмақшы. «Адамзат тарихында алатын алапат орны» дегеніміз қыздырманың қызыл сөзі емес тіпті де. Бұл мекеннің қыры мен сырын санап тауыса алмайсыз. О шеті мен бұ шеті 25 гектар аумақты алып жатқан Ботай қонысынан бұған дейін 158 үйдің орны аршылды. Жалпы, ондағы үйдің саны 250-ден кем түспейді. Біз Ұлы даланың бірінші қыры ретінде аталған атқа міну мәдениетінің өзін де толық қамтуға ұмтылмай, соның бастауын – жылқының қолға үйретілуін ғана айтуға бекініп отырмыз.
Осыдан 15 мың жылдай бұрын адамзат баласы аса ауқымды биологиялық тәжірибеге кірісіп кетті. Оның аты – доместикация. «Қолға үйрету» деп жатық жазуды білмей отырғанымыз жоқ. Өйткені бұл ұғым жабайы жануарларды қолға үйретуге де, табиғат аясындағы өсімдіктерді қолдан өсіруге де байланысты айтылады. Бүгінде қолдан өсірілетін өсімдіктердің айналдырған 40 шақты түрінің өзі-ақ адамзаттың бүкіл азық-түлік қажетін өтеп тұр, соның ішіндегі небәрі 8 түрі бүкіл азықтың 66 пайызын құрайды. Доместикацияның өсімдікке қатысты жағын осымен түйіндейік те негізгі әңгімеге ауысайық.
Алдыңғы жылы Мәскеудің «Ломоносовъ» баспасынан Вера Курскаяның «История лошади в истории человечества» деген кітабы жарық көрді. Соның бірінші бетінде-ақ автор «бие» (iumenta) сөзі латынның «iuvat», яғни «көмектесу» сөзінен шыққанын айтады. «Тарихтың барлық белесінде жылқы адамға көмектесумен келеді. Онымен жер де жыртылады, аң да ауланады, жүк те тасылады, адам соны мініп жүріп соғысады, адамға қорек болатын да сол, адамды құтқарып қалатын да сол. Оның үстіне жылқы кеңістікті тұтастырып тұрады – жылқы болмаса ежелгі империялардың құрылуы мүмкін емес еді», дейді автор. Дәл сөз. Адам баласының бір кезде жылқысыз күні болмаған. «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» (Нұрсұлтан Назарбаев). Сол ұлы дәуірге басқалардан да бөлекше құрметпен қарауға тиісті халықтың бірі мына біз – қазақтар. Елтаңбасына қанатты тұлпар бейнелеген бізден басқа халық мына әлемде, сірә, көп те емес шығар, бар болса да. Түбі бір түркі түгел тұрғанда арғыдағы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі орасан зор аймақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі орын алып келсе де, ежелден ер деген атымыз шығып, намысын бермеген берендігіміз сақталса да, ойымыз озық, сезіміміз сәулелі, қиялымыз қанатты қалыптасса да, осының бәрінде атам қазақ «ер қанаты» деп дәріптейтін, төрт түліктің төресі деп әдіптейтін қайран Қамбар атаның алар орны орасан. Дәстүрлі қазақ қоғамында байлықтың да, берекенің де, беделдің де өлшенетін бірлігі дәл осы жылқы.
Жылқының қолға алғаш рет қай жерде үйретілгені жөнінде дау – талайдан келе жатқан дау. Энеолиттің алдындағы неолитте де, оның алдындағы мезолитте де, оның алдындағы палеолитте де үңгірлердегі, жартастардағы суреттерде жылқы талай бейнеленгенімен, жылқы мыңдаған жылдар бойы кәдімгі жабайы жануар ретінде, тек тамақ үшін ауланып қана келген. Дэвид Энтонидің далалық деп аталатын теориясы бойынша жылқыны алғашқы жуасытушылар Еуропа мен Азияның түйісер тұсындағы көшпелі малшылар болуға тиіс еді. Ақыры солай болып шықты да. Оңтүстік Сібір мен Қазақстан жеріндегі қандай да бір ежелгі адамдар топтарын оңтүстікеуропеидтар деп санауға еш негіз жоқ екендігі бүгінде түпкілікті дәлелденген. Бұл жерге Орта әлде Алдыңғы Азиядан немесе Кавказ сыртынан миграциямен әлдебір топтардың келу мүмкіндігін де антропология теріске шығарды. Радийкөміртекті анализ жасау мүмкіндігі ашылғалы жылқыны алғаш қолға үйреткен болуы мүмкін делінетін бұрынғы көп орындар өзінен өзі сыдырылып шығып қалды. Мысалы, талай уақыт бойы ең ежелгі жылқы қолға үйретілген жер саналып келген Украинаның Дереевка елді мекеніндегі топырақ қабатына әлдеқайда кейінгі кездің (б.д.д. 700 жылдың шамасындағы) жылқысының сүйегі түсіп кеткендігі анықталды. Ғалымдардың ортақ ойы енді Еуразия ойпаттарына қарай ойыса бастады. «В наше время большинство сходятся во мнении, что оно («одомашнивание» дегені – С.А.) произошло где-то в степях Евразии», деп жазады В.Курская біз сөз басында атаған кітабында. Тағы бір тұста: «Очевидно, что одомашнивание лошади человеком произошло где-то на стыке Европы и Азии», дейтіні де бар. Шынын айтқанда, осылай қайта-қайта «где-то», «где-то» деп бұлдырлата маңайлатқанмен, нақты жазбайтын (бәлкім, жазғысы келмейтін) авторлар аз емес еді. Бірте-бірте олар анағұрлым азая түсті. Азайтқан – біздің Ботайымыз. Айтқандай, сөздің реті келіп тұрғанда осы қоныстың атын алған адамды да атай кетелік. Айыртауға жақында арнайы барғанда осы қоныстың сақталуына, қорғалуына көп еңбек сіңірген азамат Уәлихан Құлбаевтан білгеніміз бойынша, Ботай бабамыз сол өңірдің зиялы азаматы, би болған, қажылық парызын атқарған кісі екен. Оның әкесі Досан – тарихта ізі қалған, Абылай ханның замандасы, сенімді серігі, батыры болған адам. Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты кітабында Досан батыр туралы нақты мәліметтер бар. Ботайдың өзінің кенже ұлы Кенжебек Кенесары көтерілісінде жанын қиған. Әлемге танылып жатқан есімнің құрметке лайықты адамның аты екенін біліп, оған да бір көңіл тоғайтып қалдық.
Жылқының алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгені Ботай қонысында жүргізілген археологиялық, остеологиялық (анатомияның сүйек құрылысын зерттейтін саласы) зерттеулер арқылы даусыз дәлелденіп отыр деп бүгінде нық сеніммен айта аламыз. Отандық ғылымның беткеұстар тұлғаларының бірі де бірегейі Виктор Федорович Зайберт сонау 1980 жылы ашқан Ботай қонысының жұлдызын жандырған еліміздің егемендігі екендігін ерекше атағымыз келеді. Мәселе мынада. Ботай ашылған алғашқы жеті күндегі аршу жұмысы кезінде 40 мыңнан астам заттық дерек табылғанынан-ақ оның нағыз феномен дерлік археологиялық нысан екендігі көрініп тұрған еді. Виктор Зайберт өзінің 2011 жылы жарық көрген «Ботай. Дала өркениетінің бастауында» атты кітабында (жалпы, археологтың ең іргелі еңбегі – 2009 жылы шыққан «Ботайская культура» атты зерттеуі) сол кездегі сенсацияның сипатын былай түсіндіреді. Ботай фотоларын жан-жақтағы ең атақты археологтарға жібермей ме? Жіберсе олар телефонмен хабарласып, «Көріп тұрмыз, бірақ көргенімізге сенбей тұрмыз. Ботайға барып, өз көзімізбен көргенде ғана сенетін боламыз», деп айтады дейді. Содан 1983 жылы Ботайда Бүкілодақтық археологиялық семинар ұйымдастырылып, оған Кеңес одағының мен деген археологтары жиналған. Бәрі аң-таң болған. Ботайдың энеолит дәуіріндегі, яғни осыдан 6 мың жылдай бұрынғы ерекше қоныс екендігіне сенбеске амалдары қалмаған. Алайда, кеңестік кеңістікте ғана мойындалған бұл жаңалыққа әлемдік ғылыми қоғамдастықтың қолы жетпей-ақ қойды. Өйткені КСРО жабық мемлекет болатын. Мысалы, Мажарстан академиясының директоры, жылқы доместикациясы бойынша ең танымал мамандардың бірі саналатын атақты палеозоолог Шандор Бёкени қатарынан бес жыл бойы сұранып жүрсе де Ботайға келетін виза ала алмапты. Тәуелсіздік жылдарында жағдай түбірінен өзгерді. Егемендіктің елең-алаңында-ақ Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Германияның, басқа да елдердің ғалымдары ағылды Ботайға. Кембридждің, Белфасттың, Оксфордтың, Хартвигтің, Мюнхеннің мамандарының қолындағы ең осы заманғы технологиялар арқылы тас ғасырының соңында Ботай қонысында Еуразия аборигендерінің культурогенездік негізі қаланғаны, материалдық мәдениет жасауда ондаған техникалық жаңалықтар ашылғаны, планетада бірінші болып жылқының осы жерде қолға үйретілгені дәлелденді! Мұның бәрі Англиядағы Бристоль және Экзетер университеттерінде зертханалық жолмен қосымша тағы айғақталды. Бұл шын мәнінде әлемдік сенсация еді. 1994 жылы Кембриджде Британ Корольдік қоғамының шақыруы бойынша Ботай қонысының материалдары негізінде «Далалық өркениеттің бастаулары» атты археологиялық көрме ұйымдастырылды, В.Ф.Зайберт Белфастта, Кембриджде, Ньюкаслде, Эдинбургте лекциялар оқыды. 1995 жылы Ботайда «Еуразияның ежелгі жылқышылары» деген атпен өткізілген халықаралық симпозиумға 16 елден 80 ғалым қатысты. 2015 жылы Ботай археологиялық ескерткіші музейлендіру нысанына айналдырылды. Әлемдік ғылымда «Ботай мәдениеті» ұғымы біржолата орнықты.
Қазақ жеріндегі бұл жаңалықтың бәрі не арқылы дәлелденіп отыр дейсіз ғой? Айтайық. Ботайдағы артефактілердің аса байлығы қайран қалдырады. Мәдени қабаттан 60 мыңнан астам бұйым, соның ішінде тас пышақтар, қанжар, жебе, найза, ине, жуалдыз, тағы басқалар, жылқының 70 мың сүйегі табылған. Көз алдыңызға келтіріп байқай беріңіз. Көп жылқының бір жерге үйіріліп ұсталуының өзі-ақ олардың қолға үйретілгенін көрсетіп тұрғанын түсіну үшін археолог болу да, остеолог болу да шарт емес. Жылқы қиының тұтасқан қабатты құрайтынынан олардың қорада қамалып ұсталғанын шамалау үшін жай ғана қазақ болудың өзі жетіп жатыр. Осылардың бәрінің уақыты радийкөміртекті анализ арқылы қолмен қойғандай анықталып, Ботайдағы жылқы сүйектері әлемде бұған дейінгілердің ең ескісі екені дәлелденіп отыр. «Асауды алғаш ауыздықтаған» деген тақырыпты мақаламызға дыбыс үндестігіне бола қойған жоқпыз. Ботайлықтар жылқыны үйірлеп қамап, етін жеп қана отырмаған. Аттардың азу тісінде ауыздықтың іздері қалған, ондай ізді тері ауыздық та қалдыра береді. Ал сол заманнан ат әбзелдерінің, кәдімгі құрықтың, теріден тігілген шалбардың, тізеден асатын тері етіктің, тымақтың табылғаны тіпті таңдандырады. Тіпті, айғырларды піштіретін қандауырға дейін бар. Ең қызығы – ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан британиялық ғалымдар қымыздың молекулалық қалдығын анықтап отыр! Демек, ботайлықтар жылқыны азық ретінде де, мініс көлігі ретінде де, сусын көзі ретінде де пайдаланған. Сол заманнан бұдан басқа нені күтуге болады? Мұны аз десеңіз, Ботай мәдениеті малшыларының далалық күнтізбелік циклды қалыптастырғанын қосып айтайық. «Қыста олар аумағы 20-30 гектарлық үлкен қоныстарда тұрған, ал көктемде тұрғындардың бір бөлігі аттарды айдап, Торғай қойнауларына, Ұлытау баурайына шығып кететін», деп жазады В.Зайберт. Сонымен ол заманда ботайлықтар жартылай көшпелі өмір салтын ұстанған деп санай аламыз.
Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн. Ботай бүкіл әлемнің мәдени қазынасына қосылады. «Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың саң мың сұрағының жауабын дәл осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр», деген атақты америкалық оқымысты Д.Энтонидің, «Жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы Солтүстік Қазақстанда, жазық далада басталады. Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жетуге мүмкіндік туды. Бұл адамның тағдырын түбегейлі өзгертті» деген атышулы продюсер Найоби Томпсонның, «Ботай феномені Еуразия даласындағы ежелгі жылқышылардың ең бастапқы мәдениетінің әлеміне алып кіреді. Жалпы, гомосапиенстің тарихында бұл бөгетті бұзып-жарып өткендей құбылыс болды. Ол құбылысты адамның ғарышқа ұшуымен ғана салыстыра аламыз» деген өзіміздің тамаша ғалымымыз Зейнолла Самашевтің бағаларына қосып айтар сөз табу да оңай емес сияқты. Дегенмен, ойды таратуға тырысып көрейік. Ботайда басталған доместикация бара-бара бүкіл адамзаттың өмір салтын өзгертті. Қазақ даласынан жер бетіндегі ең ұлы инновациялар бастау алды, олар өркениетті басқа сатыға ауыстырып берді. Жылқыны қолға үйрету дамудың шешуші қозғаушы күшінің біріне айналды. Атқа қонған адам – табаны жерден көтерілген адам. Жан-жағына жоғарыдан қарай алатын адам. Атқа қонған адам – уақытты жылдамдата алатын адам. Адамның атқа қонуымен қағидатты түрде жаңа дәуір – аттылы көлік коммуникациясының дәуірі басталды. Жаһандық өркениеттің атымен жаңа беті ашылды. Бұл – адамзат тарихына біздің бабаларымыз қосқан ең басты үлес. Президент мақаласынан кейін біз осылай сөйлесек жарасады.
Оған осы жазда өзіміздің де көзіміз жете түсті. Парижде болғанымызда дәл Эйфель мұнарасының жанындағы Адам музейіне барғанбыз. «Біздің тарихымызға байланысты бір қызықты мәліметті көрсетемін», деген еді сондағы елшілікте Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаратын тарихшы ұлым. Айтқанындай-ақ бар екен. Көргенім ойлағанымнан да асып түсті. Бір залда адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ең ұлы жаңалықтар жөнінде әңгімелейтін стенділер қойылыпты. Соның біріндегі түсіндірме жазуды біз бүгін ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы жалпақ жұртшылыққа жеткізгелі отырмыз. Ол стендіде (cуретте) француз тілінде былай деп жазылған: «Ботай мәдениеті Орталық Азияның далалары мен жазираларының тоғысқан тұсында орналасты. Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен. Осынау қуаң далалық аумақта тұратын адамдар жартылай көшпелі өмір сүрген. Адам тіршілігінің іздері негізінен көлдердің айналасынан көрінеді, олардың құрылымы мен тұрғынжайлары Еуропадағы осы тектес ежелгі құрылымдарды (ағаштан және басқа өсімдік бұтақтарынан жасалған баспаналарды) еске салады. Бұл өлкеге тән ерекшелік ретінде неолит басталғанға дейін белгілі болған өрнекті керамиканы және шағын көлемді ықшам құралдарды (микролиттерді) атауға болады». Бұл фактіге қосымша түсінік беріп жату артық екені анық. «Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен» деген сөз әлемнің мәдени астанасы саналатын Париждің қақ ортасындағы Адам музейінде жазулы тұр! Оны бүкіл әлемнің қиыр-қиырынан келгендер оқып жатыр. Мұны біз ата-бабаларымыздың адамзаттың дамуына қосқан ұлы үлесінің нақты мойындалуы, жаһандық тұрғыда танылуы деп білеміз. Иә, ағайын, айтсақ аузымыз толатын жеңісіміз бұл. Баянды болсын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты