Арыстың үш тұрғыны «жалған хабар таратқан» деген күдікке ілінді
Арыстағы жарылыстан кейін әлеуметтік желіде «жалған хабар таратты» деген күдікпен алты адам ұсталған. Түркістан облыстық полиция департаментінің 2 шілде күні таратқан ақпаратында күдікті үш адамның ісі бойынша тергеу жұмыстары басталып, тағы үш азаматтың «профилактикалық әңгімеден» кейін босатылғаны айтылған.
«Үш адамға қатысты Қылмыстық кодекстің «көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сараптама тағайындалды» деп хабарлады полиция департаменті баспасөз қызметі.
Арыстағы жарылыстан кейін әлеуметтік желіде оқиға салдарынан қайтыс болғандар көп болуы мүмкін екені жайлы хабарламалар тараған. Билік «көп кісі қаза болған» деген ақпаратты жоққа шығарған.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен. Түркістан облыстық төтенше жағдай департаменті мәліметінше, жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 85 пайызы бүлініп, 26 тұрғын үй, 20 шақты шаруашылық нысаны өртенген.