Арыстың 350-ден аса тұрғыны хабар-ошарсыз кеткен

0

Арыстағы жарылыстан соң қаланың 350-ден аса тұрғыны әлі табылмаған. Бұл туралы қалалық төтенше жағдай департаментіне сілтеп, Otyrar.kz сайты хабарлады. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы жоғалғандар тізіміндегі үш адам табылғанын мәлімдеді.

Департамент дерегінше, 26 маусым күні таңғы сағат 9.00-ге дейін «қауырт желіге» Қазақстан облыстары мен шетелден 50 мыңнан аса хабар келіп түскен. Адамдар Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екендерін айтқан. Арнаулы топ «Хабарласқандардың көбі туыстарын іздейді, темір жол мен жеңіл автомобильдер жолдары туралы сұрайды» дейді.

Шымкентте қырықтан аса эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Департамент дерегінше, онда 4 880 адам орналастырылған. Оның 2 428-і – бала. Арыстықтардың көбін туыстары әкетіп жатыр. Ресми дерек бойынша, Шымкентке тіркелгендердің жалпы саны – 20 371. Арыстан көшірілгендердің кейбірі «биліктен көмек жоғын» айтып шағынған.

Бүгін, 26 маусым күні Қазақстанның қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыс кезінде жараланған тағы бір сарбаздың қаза тапқанын хабарлады. 1987 жылы туған әскери – қару қоймасындағы жарылыстан соң мерт болған үшінші адам. Бұған дейін бір әскери мен көлігіне снаряд түскен бір тұрғын қаза тапқан.

25 маусымда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жарылыстан соң он бес адамның жан сақтау бөліміне жатқызылғанын хабарлады. Оның төртеуі — бала. Тоғыз адамның халі ауыр. Барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 89-ы ауруханада жатыр.

Арыстан 200 метр жердегі әскери қоймадан шыққан жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. Қазақстан ішкі істер министрлігі «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» хабарлады.

Azattyq