Арыстан 5700 жарылғыш зат жиналды
27 маусымда Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі Арыс қаласы көшелерінен 5700-ден астам қауіпті жарылғыш зат жиналғанын хабарлады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Арыста әлі де жарылғыш заттардан» тазаланбаған секторлар мен көшелер бар. Билік жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары сенбіге дейін жалғасатынын жеткізді.
«Түркістан облысы мен Шымкент қаласында құрылған 66 эвакуациялық пунктте 13 187 арыс тұрғыны орналастырылған. Оның 7249-ы — Шымкентке, 5938-і облысқа бөлінген. Медициналық көмекке 277 адам жүгініп, оның 74-і ауруxанаға жатқызылған. Қайтыс болған адамдар саны -3» делінген әкімдік хабарламасында.
26 маусым кешке Түркістан облысы Отырар ауданы Ақжол ауылында өткен баспасөз жиынында Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев осы уақытқа дейін Арыс қаласынан 500-ден астам жарылғыш зат шығарылғанын хабарлаған еді.
Құрманбаевтың айтуынша, әскери қойманың 70 пайызы жарылған. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев қауіп сейілмегендіктен Арыс тұрғындарын қалаға кіргізу 28 маусымға шегерілгенін айтты.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.
Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынды. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды. Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.
Қарай отырыңыз: Эвакуациялық бекеттердегі арыстықтар (26 маусым 2019 жыл).