Арыстағыдай жағдай қайталанбас үшін: Елімізде әскери нысандардың маңында құрылыс жүргізуге тыйым салынды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда әскери база, қару жарақ қоймаймасы мен басқа қорғаныс нысандарына маңына құрылыс жүргізуге шектеу қойылды. Сенат қабылдаған жаңа заңға сәйкес енді әскери аймақтың жанына тұрғызылған тұрғын үй нысандары үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

база

Сенаттың депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бір ауыздан мақұлдады. 

«Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алатын табиғи құбылыстар мен техногендік апаттардан азаматтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін жақсы білесіздер. Құжатты дайындауға бастамашы болған Парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтау арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды, аудандарды белгілеу мәселелерінде бірталай кемшіліктер мен проблемалар орын алатынына көз жеткізді. Ол олқылықтар, әсіресе, Арыс қаласындағы болған белгілі оқиға барысында көрініс тапты», — дейді депутат Нұржан Нұрсипатов.

Сөзінше, бұл мәселелерді шешу үшін бірқатар заңдарға түзету енгізу керек екен. Атап айтсақ, жер кодексіне, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және қарулы күштері туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдары өзгеріс енгізуді қажет етеді. 

«Түзетулерді қабылдау қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілер арсеналдары, базалары мен қоймаларға тиесілі мемлекеттік органдармен тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумағының белгіленген шекараларын міндетті түрде жергілікті атқарушы органдармен келісім жасай отырып, орналасқан жерін белгілеу тетігін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау елімізге оң құқықтық және әлеуметтік-экономикалық әсер етуі болжанады , өйткені оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше оқиға туындауы ықтимал болған жағдайда — тұрғындарды, азаматтық және басқа да инфрақұрылымның қорғалуын қамтамасыз етеді», — деп қосты депутат.

Еске салайық, бұған дейін Арыстағы әскери қару-жарақ қоймасындағы жарылыс үшін 16 адам жазаланғаны айтылған еді. 

 

stan.kz