Арыстағы жарылыстар: оқиға хронологиясы жарияланды
24 маусым күні сағат 9:00-де техникалық аймақ бақылаушысы ашық сақтау алаңындағы түтінді көріп, дабыл қаққан
НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев Арыс қаласындағы жарылыстардың хронологиясын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«24 маусым күні таңғы сағат 9:00-де №1 техникалық аймақтың бақылаушысы ашық сақтау алаңында түтінді көріп, дабыл қақты. Сол кезде арсеналдың командирі, полковник Нұрмұхамбетов инструкция бойынша өрт сөндіруші командасымен тілсіз жауды ауыздықтауға тырысқан. Бірақ өрт реактивті снарядтар жатқан қоймаға таралып кетті. Снарядтар жарыла бастады. Мұның бәрі өрт сөндірушілерге қауіп төндірді», — деді Дандыбаев арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, снарядтар жарыла бастағанда командир бірден жеке құрамды эвакуациялауға бұйрық берді. Олардың отбасы мүшелері де қауіпсіз жерге шығарыла бастады. Ал командирдің өзі офицерлермен бірге әскери бөлімшеде қалып, күзет шараларын қолға алды.
«Әскерилер мен олардың отбасы мүшелерін қысқа уақыттың ішінде қауіпсіз жерге көшірді. Осы шараларға 40 минуттай кетті. Осы кезде №2 техникалық аймақтағы екі қоймада жатқан инженерлік снарядтар жарыла бастады. Өрт сөндірушілерге жақындауға тыйым салынса да, арсенал командасы шынжыр табанды техниканы пайдаланып, №2 және №3 техникалық аймақтардағы өртті сөндіріп үлгерді», — деп атап көрсетті Дандынбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қорғаныс министрлігі жанынан төтенше жағдайды жою бойынша арнайы комиссия құрылды. Ал Шымкенттен саперлер бөлімі жіберілді.
«Ұшқышсыз аппараттар да әуеге көтерілді. Қазіргі кезде дрондар бәрін түсіріп, тиісті ақпаратты арнайы штабқа түсіріп отырады. Төтенше жағдайлар аймағына қосымша инженер саперлер тартылды. Олардың жалпы саны 500-ге жетті. Барлығы 50 топға бөлініп, жұмыс істеп жатыр», — дейді Дандыбаев.
Арыстағы жарылыс
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Сол күні Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
Соңғы мәліметтер бойынша төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандардың саны үшке жетті. Бүгін ауруханада тағы бір әскери қызметкер көз жұмды. Медициналық мекемелерде тағы 2 әскери қызметкер ауыр халде жатыр. Бұдан бөлек, 9 әскери адам сан алуан жарақат алған.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.
sputniknews.kz