Арыстағы жарылыстан зардап шеккен екі бала Нұр-Сұлтанға жеткізіледі

0
45

Жойқын жарылыстан зардап шеккен 9 адам жансақтау бөлімінде жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен 2 бала санитарлық авиациямен Нұр-Сұлтанға жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, 24-27 маусым күндері Арыс қаласындағы жарылыстан кейін 409 адам медициналық көмекке жүгінген.

«Оның ішінде 329 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді. Ал 80 науқас ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында 15 адам ауруханадан шығарылды. Өкінішке орай, бір науқас ауруханада көз жұмды», – деді Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің мәліметі бойынша, қазір 64 науқас ауруханада жатыр.

«Оның ішінде 9 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Арасында төрт бала бар. Қазір санитарлық авиация арқылы 2 баланы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізуге дайындап жатыр. Ұлттық ана мен бала орталығына санитарлық ұшақпен жеткізіледі. Сондай-ақ тағы бір адам Алматы қаласындағы №7 клиникалық ауруханаға жеткізіледі», – деді министр.

Тағы оқыңыз: Қазақстан халқы арыстықтарға қалай көмектесіп жатыр?

Сонымен қатар Елжан Біртанов Арыстағы жарылыстан жарақат алған науқастарға медициналық көмек беру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Жамбыл облысының 20 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қажетті дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық сол жерде ұйымдастырылған. Қазір медициналық көмек көрсету үшін Түркістан және Шымкент қалаларына басқа облыстардан 140 санитарлық дәрігер жеткізілді. Олар эвакуация пунктерінде санитарлық дезинфекция жасап жатыр», – деді министр.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Төтенше оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Жарылыстан соң Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.



sputniknews.kz