Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 50 адам ауруханада жатыр
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыстағы оқиға кезінде зардап шеккен 50 адамның ауруханада жатқанын хабарлады. Шымкенттік Otyrar.kz арнасының хабарлауынша, министр бұл ақпаратты 30 маусымда Арыстағы жарылыстан бүлінген аурухана ғимаратын аралап жүрген кезде айтқан.
«Қазіргі кезде ауруханада 50 науқас бар, жағдайы ауыр төрт науқас Нұр-Сұлтан мен Алматыға жеткізілді. Жалпы алғанда медициналық көмек қалыпты жағдайда беріліп жатыр. Қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар» деді Біртанов.
Ведомство басшысы тұрғындар мен дәрігерлерге алдағы уақытта аурухана жұмысы қалпына келетінін айтқан. Қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған министр Арыста қазір 17 бригададан құралған жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп тұрғанын жеткізген. Бұған қоса, қалада ұлттық сараптама орталығының 18 маманы мен екі көшпелі лаборатория жұмыс істеп тұрғанын да айтқан.
Радиациялық бақылау тобының Арыс аумағын тексергенін айтқан билік өкілдері қалада радиация деңгейі қалыпты нормада дейді.
Бұған дейін жарылыс болған Арыстағы үйлеріне қайтпай тұрған кезде кейбір тұрғындар қалада радиация барын, ауаның ластанғанын айтқан еді. Жергілікті билік бұл ақпаратты жоққа шығарып, қалада тұру қауіпсіз деген.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеген. 27 маусымда жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Билік өкілдері қалада тұру қауіпсіз екенін айтып, олардың талаптарын орындау мүмкін еместігін меңзеген.
Маусымның 28-і күні көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.
Қарай отырыңыз: Арысқа қайтқан тұрғындардың көргені (28 маусым 2019 жыл).