Арыстағы жарылыстан тағы бір адам қаза тапты

0

Түркістан облысындағы Арыс қаласындағы жарылыстан тағы бір адам қаза тапты. Бұл туралы төтенше жағдай комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет хабарлады. Комитет қаза тапқан адамға қатысты бұдан өзге ақпарат берген жоқ.

Бұған дейін билік екі адамның қаза тапқанын хабарлаған. Оның бірі — көлігіне снаряд түскен бейбіт тұрғын, екіншісі — әскери.

25 маусымда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жарылыстан соң он бес адамның жан сақтау бөліміне жатқызылғанын хабарлаған. Оның төртеуі — бала. Тоғыз адамның халі ауыр. Барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 89-ы ауруханада жатыр.

Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. Қазақстан ішкі істер министрлігі «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» хабарлады.

Azattyq