Арыстағы жарылыстан кейін жүзге жуық адам сұралды

0
78

Қазақстан билігі Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғап, жүзден астам адамнан жауап алған. Бұл туралы 3 шілдеде Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингідн Казақстан бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов хабарлады.

Ержановтың сөзінше, қазір №44859 әскери бөліміндегі 1-артеллериялық қоймада оқ-дәрі жарылған соң Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, қауіпті заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Әскери прокуратура өкілінің сөзінше, жарылыстың себебі әлі анықталмаған.

«Жарылысқа түрткі болған барлық себепті, оның ішінде өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы сияқты нұсқаларды қарастырып жатырмыз» деді Ержанов.

Әскери прокуратура оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджеттік қаражаттың қалай игерілгенін, жарылғыш заттардың қалай сақталғанын да тексеретінін мәлімдеді.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Үкімет мәліметі бойынша, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдайлар қызметі Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген деп хабарлаған. Қазақстан үкіметі Арысты қалпына келтіруге шамамен 20 миллиард теңге керегін айтады.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Azattyq