Арыстағы жарылыстан екі адам көз жұмды

0

Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы болған жарылыстар салдарынан екі адам қайтыс болған. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин хабарлады.

— Арыс тұрғындары қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Өкінішке қарай, қайтыс болғандар бар: бір тұрғын және бір әскери адам. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деді Мамин.

Қазақстан қорғаныс министрлігі маусымның 24-і күні таңертең Арыс маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған деп хабарлаған.

Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. Дүйсенбі күні облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «көлігіне снаряд түскен» бір адамның мерт болғанын айтқан еді. Денсаулық сақтау министрлігі 52 адамның ауруханаға жеткізілгені, үш адамның жан сақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған.

Төтенше оқиға салдарынан ондаған мың адам Арыс қаласынан кетуге мәжбүр болды. 1600 адам билік ұсынған автобустармен эвакуацияланса, өзгелері өз күшімен қаладан кеткен. Ресми дерек бойынша, Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Бұған дейін Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс бірнеше күнге жалғасуы мүмкін деп хабарлаған. Елдің төтенше жағдай комитеті Арыс қаласында электр желісі бүлінгенін хабарлады.

Azattyq