Арыстағы жарылыс орнына төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы аттанды
Түркістан облысындағы жарылыс салдарымен күресуге 463 адам мен 53 техника жұмылдырылған
НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым — Sputnik. Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор Владимир Беккер аттанды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
«Арыс әкімінің өкімімен қала халқы 50 шақырым жерде орналасқан Мұнайтас ауылдық округіне көшіріліп жатыр, ол үшін 20 автобус бөлінген. Сондай-ақ тұрғындарды эвакуациялау үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді», — деп мәлімет берді төтенше жағдайлар комитеті.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шымкент қаласында 15 эвакуация бекеті құрылған. Қазір Арыстан жеткізілген 17 бала Самал-3 шағын ауданында орналасқан Назарбеков атындағы №87 мектепке орналастырылды.
Азаматтық қорғаныс күштерінің әрекетін бақылау үшін оқиға орнына ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор Владимир Беккер аттанды.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс: Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды
«Өртті сөндіруге Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 75 өрт сөндіруші мен 16 техника жұмылдырылған. Қосымша күш ретінде Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінен 118 адам мен 7 техника жіберілді. Төтенше оқиға орнында ҚР ІІМ бөлімдерінен барлығы 463 адам мен 53 техника жұмыс істеп жатыр, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарынан — 193 қызметкер мен 23 техника, полиция бөлімшелерінен — 270 қызметкер мен 30 техника», — делінген хабарламада.
Төтенше оқиғаның салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты шұғыл тапсырма берді
Соңғы деректерге сүйенсек, жарылыс салдарынан зардап шеккен үш адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
sputniknews.kz