Арыстағы жарылыс. Іс прокуратураға қайта тергеуге жіберілді

0
97
Сурет: Асылхан Мамашұлы

Шымкент гарнизоны соты Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылысқа қатысты істі «қылмыстық істегі кемшіліктерді жою және іске қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін» прокуратураға қайта тергеуге жіберді.

Оның сөзіне қарағанда, істі кері қайтару туралы талап-тілекті Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 323-бабын («Соттың істі прокуратураға жіберуі») негізге алған адвокаттар түсірген.

– Осы бапқа сай қылмыстық істегі кемшіліктерді жою және іске қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін іс прокуратураға қайта тергеуге жіберілді. Қаулы заңды күшіне енгенше тараптардан осы қаулыға қандай да бір талап-тілек түспесе іс қайта тергеледі, – деді Өтеулиев.

Сот өкілі жарылысқа байланысты айыпты деп танылған 16 адамнан бөлек тағы қанша адам қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін екені белгісіз деп айтты.

Судья істі кері қайтару туралы қаулыны 21 қаңтарда шығарған. Қаулы шығарылған күннен бастап 15 күнде заңды күшіне енеді.

13 қаңтар күні судья Берік Кәрім тергеу кезінде видеоматериалдарды қарап, мемлекеттік құпияға байланысты деректер шыққан соң істі жабық өткізуге қаулы шығарғанын айтқан.

Арыстағы жарылысқа байланысты сот отырысы 2020 жылдың 11 маусымында басталған. Істе 16 адам айыпталушы, 1500 адам жәбірленуші деп танылған.

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қазаға ұшырады. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Оқиға салдарынан алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Олар 28 маусымда Арысқа қайта оралған.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету