Арыста жарылыс қаупі әлі сақталып отыр – ІІМ

0

Арыс қаласында кешеден бері 45 өрт сөндірілген

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Алайда жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«25 маусым күні сағат 12:00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыс тіркеліп жатқан жоқ. Ішкі істер министрлігінің күштері мен техникалары – 1200-ден аса адам мен 180-ден астам техника оқиға орнында қалды. Кеше және бүгін түнде тұрғын үй секторындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді», – деді Ильин брифингте.

Айтуынша, кешеден бері 45 өрт ауыздықталған: оның 21-і – тұрғын үйлерде, 9-ы – шаруашылық нысандары мен 15-і – дала өрті.

«Жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бірақ оның ауқымы бірінші күндегідей болмайды деп ойлаймын», – деді ол.

Түркістан облысының полиция департаменті мен Ұлттық ұлан бөлімшелерінің күштері қала ішін патрульдеуге кірісті.

Арыстағы жарылыс

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып барды. Мемлекет басшысы халықпен кездесіп, қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ ол жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын жеткізді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз