Арыста қираған үйлерді қалпына келтіруге 20 млрд теңге қажет

0

Қазақстан төтенше жағдай комитетінің есебінше, Арыстағы жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіру үшін шамамен 20 миллиард теңге керек. Бұл туралы 2 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде төтенше жағдай комитетінің жетекшісі Владимир Беккер айтты.

Беккердің сөзінше, «Арыста шамамен 70 үй толығымен қирап қалған. Бұл сан әлі өсуі мүмкін». Үкімет Арыстағы жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіруге уәде берді.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ал Түркістан облысы әкімдігі мен Шымкент әкімдігі «Арыс тұрғындарына беретін үй жоқ» деген.

28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq