Оралда үйі өртенген көп балалы отбасы бір айдан бері қаңғырып жүр
Оралды көп балалы отбасы бір айдан бері жалдамалы пәтер таба алмай жүр. Кішкентай балалары бар отбасы ешкімге керек емес. Қымбат пәтерге ақша жоқ. Үйінен айырылған отбасыға тек 145 мың теңге берілген. Оның үстіне, қала әкімдігі мұқтаж жандарға уақытша өмір сүру үшін де пәтер бере алмапты, деп хабарлайды Астана арнасы.
Сариевтер өрттен балаларын әрең алып шыққан. Одан бері бір ай өтті, бірақ олардың тағдыры бұлыңғыр. Қазір уақытша туысының үйін паналап отыр. Бірақ бір бөлмелі пәтерде тұру мүмкін емес.
«Біз әкімдікке бардық, 2 рет бардық, арыз жаздық. Біздің сөзімізді қабылдамады. Қазіргі уақытта оларда үй жоқ. Біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа да бардық, олар да бізден бас тартты. Біз әлеуметтік қамсыздандыру қызметіне бардық, олар 145 мың бөлді. Қаражат наурыз айында аударылады», — деді Лунара Сариева.
Өрттің себебі де анықталды. Темекіден от тұтанған. Бірақ 88 жастағы кінәлі көршісі өрттен қайтыс болды.
«Бізді 4 баламен пәтерге кіргізбейді. Бір айдан бері пәтер таба алмай жүрміз. Көмекке Оралдан қамқор адамдар келді. Адамдар бір жарым миллион теңге жинады. Бірақ бұл ақша тіпті жатақхана бөлмесіне де жетпейді», — деді зардап шегуші.
Өрттен зардап шеккендерге уақытша тұрғын үй берілмейді деп түсіндірді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде.
«Өкінішке қарай, бізде ондай жеке категория жоқ. Бірақ бізде тұрғын үй комиссиясы бар, оның төрағасы — қала әкімі. Егер жәбірленушілер ресми өтініш жазса, комиссия оны қарауы мүмкін. Себебі уақытша пәтер берудің ережелері мен тәртібі бар», — деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Жандос Дүйсенғалиев.
Шенеуніктер бұл жағдайды тексеріп, жақын арада түпкілікті жауап беруге уәде берді.