Арыс тұрғындары үйлерінің жөнделмей жатқанын айтып, әкімдікке келді

0

Бүгін, 1 тамызда Түркістан облысы Арыс қаласының әкімдігіне келген бірнеше тұрғын жарылыс кезінде бүлінген үйлері жөнделмей жатқанына шағымданды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қала әкімдігіне таңертең бір сағаттың ішінде он шақты тұрғын жарылыс кезінде бүлінген үйлеріне жөндеу жүрмей жатқанын айтқан. Олардың ішінде балаларын ертіп келгендер де бар. Шағымданушыларға әкімдік қызметкерлері шығып, мәселелерімен танысып, жауапты адамдарға жеткізетіндерін айтты.

Арыс тұрғыны Мұрат Әбдіжаппаровтың айтуынша, жарылыс кезінде үйінің қабырғасының төрт жері жарылған. Тұруға жарамсыз болғандықтан далада түнеуге мәжбүр.

— Мынадай ыстықта абыржып кеттік. Өз үйімізді қайтіп жөндету үшін Астанадағы (Нұр-Сұлтан — ред.) балалар сияқты өлу керек пе? Сол кезде істей ме? Ол үйді несие алып соққам. Қайтадан кредит алып үй соға алмаймын. Онсыз да кредитке батып отырмын. Сол үйді істеу үшін осы арада жанып өлу керек болса өлемін. Әкем бар. Неге ол дұрыс үйде тұрмауы керек? — дейді ол ашынып.

Бес баласымен бірге әкімдікке келген жалғызбасты ана Шогора Иса жалға алып тұрған үйі жарамсыз болып, сол үйдің алдында далада түнеуге мәжбүр болып жүргенін айтады. Шарасыз қалған ол әкімдік уақытша болса да баспана беріп, жұмысқа орналастырса дейді.
Шағымданушыларды облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері мекен-жайы бойынша жауапты секторларға алып кетті.

Бұған дейін жергілікті билік тамыздың 1-іне дейін жарылыс кезінде бұзылған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады деп мәлімдеген еді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Арыста 8635 ғимарат болса оның 7198-і жөндеуді қажет ететіні анықталған. 6059 үйдің шатыры жабылып, есік терезесі жаңадан салынған. Бұл үйлердің ішкі жөндеу жұмысы қалған. Арнайы комиссия 433 үйді сүріп, қайта салуға шешім шығарған. Оның төртеуі біткен. Зақымданған 46 үйдің иесі үйін жөндеуге келіспей отыр.

Azattyq