Арыс тұрғындары көшіріліп жатыр. Зардап шеккендер бар-жоғы әлі белгісіз
Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстан соң қала тұрғындары көшіріліп жатыр. Қазақстандық басылымдар алғашқы қырық автобус тұрғындарды эвакуациялау үшін жолға шығып кеткенін жазды. «Азаматтар қауіпсіз жер ретінде ашылған 15 пунктіге жеткізіледі» деп жазады басылымдар.
Түркістан қаласы әкімдігі зардап шеккендер туралы ақпарат анықталып жатыр деп хабарлады. Қазақстан қорғаныс министрлігі «қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ» деп мәлімдеді. Ведомство апат себептері анықталып жатқанын айтады.
Түркістан облысының әкімі басшылық ететін жұмыс тобы құрылған. Телефон арқылы азаматтарға арналған қауырт желі жұмыс істейді.
Жарылыс болғаны туралы хабар таңғы 9.20-да түскен. Билік жарылыстан соң әскери бөлімше аумағы өртеніп жатқанын, ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын хабарлаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары Арыстағы үйлердің терезі шағылғанын жазады.
Павел Александров деген атпен белгілі экологиялық белсенді әскери бөлімшедегі жарылыстың әуедегі көрінісін жариялады.
Арыстағы полигон аумағында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.
2014 жылы Арыс қаласындағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан.
2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.
43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 150 шақырым жерде жатыр.