Арыс трагедиясы қайталана ма: Жамбылдағы жарылыстың мән-жайы белгілі болды

0

Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан оқиға орнына тақау орналасқан үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі. Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев мәлім етті.

«Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат шамамен 19-00-де қоймалардың бірінің жанынан өрт шыққан. Өртті сөндіруге бөлімнің өрт сөндіру командасы шынжырлы өрт сөндіру машинасымен жедел кірісті. Оларға Жамбыл облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері көмек көрсетіп жатыр. Өрттің бір бөлігі сөндірілді. Бұған қарамастан өрт салдырынан белгісіз заттың жарылуы орын алды. Өрт ошағын сөндіру жалғасуда», — деді генерал-лейтенат.

Сонымен қатар ол өрттің шығу себебі анықталу үстінде екендігін атап өтеді.

«Қоймада негізінен инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Олар алысқа ұшпайды. Дегенмен, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында таяу маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Оқиға орнына ҚР Қорғаныс министрінің басшылығымен комиссия жіберілді. Комиссия апат салдарын жоюмен айналысатын болады», — деді Руслан Шпекбаев.

Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы әскери бөлімдегі жойқын жарылыстан жапа шеккендердің ауруханаға жеткізіліп жатқандығын растады.

Науқастар әлі де түсіп жатыр. Жедел-жәрдем кетті. Кейін толық ақпарат беремін, Жамбыл облыстық ДСБ өкілі Толқын Өмірбаева.