Арыс халқы қорғаныс министрінен кешірім сұрауын талап етуде
Арыстағы әскери бөлімде болған жойқын жарылысты «табиғи нәрсе» деп бағалаған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың сөзі арыстықтардың ашуын келтірген. Екі әскериден бөлек қала тұрғыны қайтыс болған әрі ондаған адам ауыр жарақат алған сұмдық жағдайдан халықтың үрейі мен қорқынышы әлі де сейіле қоймаған.
Қарша бораған оқтан аман қалып, баспаналарына оралған көпшілік «көңіліміз әлі де алай-дүлей, біз әлі түс көргендей халдеміз» дейді. Олар әскери бөлімдегі оқ-дәріге, ондағы тәртіп пен қауіпсіздікке министр тікелей жауапты деп отыр. Олар адами фактордың болғанына сенімді. Себебі бір емес, төрт мәрте жойқын жарылыс осының айғағы дейді. Сондықтан табиғи апат пен төтенше жағдайдың ара жігін ажырата алмай отырған қорғаныс министріне арыстықтар кешірім сұрауды талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
«Арыстағы жойқын жарылысқа қатысты халықтан кешірім сұрамайсыз ба?» деген сұраққа қорғаныс министрінің берген жауабы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Телғозы Шорахан, абыроай болғанда, Арыс станциясындағы шойын жолдағы аса қауіпті жүктердің жарылмай, аман қалғанын айтады. Оқ-дәрілер атқылаған сәтте станциядағылардың өмірін қатерге тігіп, оттан жарылысқ бейім талай жүкті алып шыққанын қорқынышпен еске алады. Әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасының кесірінен бейбіт тұрғындардың өмірін қауіпке тіккен оқиғаға орай министрдің сөзі ашуымызды келтірді, дейді.
«Қандай табиғи жағдайға жатады? Әлі түс көргендей болып жүрміз. Ал министр табиғи жағдай екенін айтады. Сіз (қорғаныс министрі – ред.) қайта халықтан кешірім сұраңыз» — дейді Арыс қаласының тұрғыны Телғозы Шорахан.
«Табиғи нәрсе» сөзінен бөлек, қорғаныс министрінің «халықтан кешірім сұрайтындай жағдайды әлі көріп тұрған жоқпын» деген жауабы оның болған жағдайға жіті көңіл бөлмеуінен және жауапкершілікті дұрыс сезінбеуінен, дейді тұрғындар.
«Бұл жерде әскеридің салғырттығы болып тұр ғой. Негізі халықтан кешірім сұрауы керек. Солардың тірлігі шикі болғаннан, осындай жағдай болып отыр», — дейді тұрғындардың бірі.
Бұл алғашқы жарылыс емес деген Арыс халқы қорғаныс министрлігінің тікелей кінәсі байқалады деп отыр. Өйткені әр жарылыстан бірнеше адамның қаза болғанын ұмыту мүмкін емес, дейді.
«Бұл төртінші мәрте атылуы. Біріншіден, қорғаныс министрінің кінәсі деп ойлаймын. Себебі алдын алуы керек», — дейді тұрғын Сейілхан Шонжанов.
Бірнеше адамның өмірін қиып, ондаған адамның денсаулығына аса ауыр зардап әкелген Арыстағы жарылыстан соң оқ-дәрі қоймас сақталған әскери бөлімді көшіру жұмыстары басталды. Алдымен жарылмай қалған оқ-дәрілер тасымалданады.
stan.kz