«Ары қарай өмір сүрудің еш мәні қалмады»: 9-қабаттан секіріп кеткен әйелдің хатында не жазғаны белгілі болды

0

Алматыда үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткен әйелдің хатында не жазғаны белгілі болды деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

«Біз бұл өмірде, бізге берілген сынаққа төзе алмадық. Өмір сүруден шаршадық. Ешкімді кінәламаймыз. Ары қарай өмір сүрудің еш мәні қалмады, бізді кешіріңіздер. Кінәлілер өздері біледі», – деп жазылған өзіне және бүлдіршіндеріне қол жұмсаған 28 жасар Бақтыгүл Қадырбаеваның артында қалдырған хат мәтінінде.

Балалардың екеуі оқиға орнында бұл өмірмен қоштасса, екі жасар сәби жедел жәрдем ішінде қайтыс болған.

Алматы полициясы аталған трагедияның алдын ала себебі ретінде отбасылық-тұрмыстық жанжалды атауда. Жалпы әйел күйеуімен бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрған.

«Ұл бала тіпті кішкентай еді, бір жаста болар», – дейді көпқабатты үйдің қасындағы азық-түлік дүкенінің сатушысы.

Трагедия орнаған отбасы көршілермен араласпаған. Ал күйеуі бала-шағасын қалдырып, есікті сыртынан жауып кеткен.

Тұрғындар әйел бірінші балаларды лақтырып, сосын өзі секіргенін айтады.

Осы орайда сарапшылар Қазақстанның суицид жөнінен әлемде үшінші орында тұрғанын келтіріп, дабыл қағуда. 2021 айдың үш айында 834 қазақстандық өзіне қол салған.

Тіпті, Бас прокуратурадағы құқық статистикасы мен арнайы есеп комитетінің дерегінше, елімізде күнделікті 9 адам өз өмірін қиюда. Ал мәселе әлі шешімін таппаған күйде қалуда.